Қаржы полициясы академиясының тыңдаушылары Бас прокуратурада өткен дөңгелек үстелге қатысты

АСТАНА. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Зарина Рысбаева/ - Астанада Қаржы полициясы академиясының тыңдаушылары - «Жеті-Жарғы» ғылыми-теориялық үйірме мүшелері «Қазіргі уақыттағы заңдылықты сақтауға байланысты өзекті мәселелер» тақырыбымен ҚР Бас прокуратурасының С.Есқараев атындағы институты қабырғасында дөңгелек үстел нысанында ұйымдастырылған іс-шараға қатысты. Онда мемлекеттік-құқықтық пәндер кафедрасының аға оқытушылары Д.Жабаев және Е.Мергенбаев тақырыпқа қатысты шолу жасады, деп хабарлайды академияның баспасөз хатшысы.

Қаржы полициясы академиясының тыңдаушылары Бас прокуратурада өткен дөңгелек үстелге қатысты

Бөлім бастығы Нари Шамаева өз баяндамасында институт қызметкерлерінің толыққанды және жемісті жұмыс істеулеріне барлық қажетті жағдайдың жасалғанын, оған курсанттардың көздерінің жеткенін, яғни, басымдылық рөлі мемлекет пен азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау сезімін туғызатынын, ол институттың кең, әрі жарық қызметтік бөлмелері, отырыстарды өткізетін залы қазіргі кезеңдегі соңғы үлгідегі техникамен жабдықталғандығын айтып өтті.

Аға прокурор Руслан Тоқтағұлов мемлекеттік органдарға деген сенім арту қоғамның құқықтық мәдениеті мен құқықтық білімділігінің деңгейіне тәуелді екенін, Қаржы полициясы академиясының тыңдаушылары соның жас өкілдері екенін жеткізді. Сол себепті, мемлекеттік органдар өкілдерімен мұндай қабылдаулар мен кездесулер жоғары мәдени тәлімдік тәрбиеге, жалпы және саяси мәдениетке, өмірлік құндылықтардың қалыптасуына, сондай-ақ заңи және экономикалық пәндерден теориялық білімінің толыққанды игерілуі мен дұрыс қолдануына көмектеседі.

Заңдылықты қадағалау қызметі туралы әңгіме және пікірталастар тыңдаушылар арасында қызығушылық туғызды. Тыңдаушылар осының бәрін дәрістерде меңгеру, оқулықтардан игеру және бұқаралық ақпарат беттерінен білуге қарағанда, тәжірибе үстінде құқық нормаларының қолданылуын көрудің жөні бөлек екеніне көз жеткізді.