Қаржы полициясы: Ақмола облысы аудандарының бірінің ауыл шаруашылық бөлімі АИ-92 бензинінің 1 литрін 325 теңгеден сатып алуды жоспарлаған

АСТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат - Қаржы полициясы агенттігінде өткен жылдан бастап мамандандырылған Ситуациялық орталық жұмыс жасауда. Ол мемлекеттік органдар базаларының мәліметтері мен басқа да ашық ақпарат көздеріндегі мағлұмат ресурстарын пайдалану жолымен елдегі қылмыстық жағдайды саралайды, деп хабарлады аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.

Қаржы полициясы: Ақмола облысы аудандарының бірінің ауыл шаруашылық бөлімі АИ-92 бензинінің 1 литрін 325 теңгеден сатып алуды жоспарлаған

Аталған орталықтың қызметі жұмыс орнынан шықпай, талдау жолымен қылмыстарды бастапқы кезеңдерде анықтап, олардың жолын кесуге мүмкіндік береді. Оның сарапшылары бағалары асырылған сатып алуларды анықтау және уақытылы әшкерелеу мақсатында мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың сатып алулар жоспарларына күн сайынғы режімде мониторинг жасайды. Осылайша қаржы полициясы жылдың басынан бері 3 млрд. теңгеге жуық бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудан сақтап қалды.

Мысалы, осы айда Ақмола облысының аудандарының бірінің ауыл шаруашылық бөлімімен жоспарланған АИ-92 бензиннің 1 литрін 325 теңгеден сатып алуға жол берілмеді. Қаржы полициясының уақытылы іс-әрекеттерінің арқасында 1 млрд. теңге бюджет қаражаты үнемделді, конкурс өткізілген жағдайда бұл соманың ұрлануының ықтималдығы өте жоғары еді.

Осындай жұмыс басқа аумақтарда да жүргізіліп отыр. Атап айтқанда, Маңғыстау облысында бірқатар мемлекеттік ұйымдарға қатысты жүргізілген ұқсас жұмыстың нәтижесінде 60 млн. теңгеден астам сомма үнемделді, оның ішінде: «Тазалық» МКК - 5 млн. теңгеден астам; «Каспий жылу, су арнасы» МКК - 19 млн.теңгеден астам; «АММТП» ҰК» АҚ - 32,5 млн.теңгеден астам; «Каспий жылу, су арнасы» МКК - 3,7 млн.теңгеден астам.

Бұдан басқа, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік Университетінің 2013 жылға арналған мемлекеттік сатып алулардың жылдық жоспарын саралау барысында тұрғын пәтерлерді көтермеленген бағамен сатып алудың жоспарлану фактілері анықталды. Нақты айтқанда, 4 бөлмелі пәтерді 32,2 млн.теңгеге (214 667 АҚШ доллары), 5 бөлмелі пәтерді - 37,5 млн.теңге (250 мың АҚШ доллары) сатып алу жоспарланған. Алайда ақпараттық, электрондық және мерзімдік басылымдарда Атырау қаласындағы 4 бөлмелі пәтерлердің нақты бағасы 16,5 млн.теңгеден 22,5 млн.теңгеде дейінгі соманы (110-нан 150 мың АҚШ долларына дейін), 5 бөлмелі пәтерлердің - 22,5 млн.теңгеден 27 млн.теңгеге дейінгі (150-180 мың АҚШ доллары) сомманы құрайтындығы анықталды. Университеттің жауапты тұлғалары пәтерлердің нақты бағаларын жалпы сомасы 20,2 млн. теңгеге асырылуын түсіндіре алмады, содан соң аталған жылдық мемлекеттік сатып алулар жоспарын қайта қарастырды.