Қаржы полициясы Ана мен бала орталығының бұрынғы атқарушы директорына қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады
АСТАНА. 22 мамыр. ҚазАқпарат - Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (Қаржы полициясы) «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» АҚ-ның бұрынғы атқарушы директоры Ордабековке қатысты қылмыстық істің тергеуін аяқтады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлады.
«Ордабеков тауарлар мен қызметтерді сатып алу барысында бірнеше рет пара алды деп айыпталуда. Мәселен, Ордабеков Ана мен бала орталығында емдік және қоғамдық тамақтану қызметтерін ұсыну бойынша конкурста жеңуге көмек көрсеткені үшін Д. есімді жеке кәсіпкерден 10 млн. 750 мың теңге көлемінде пара алды деп айыпталуда", - делінген таратылған баспасөз хабарламасында.
Сонымен бірге Ордабековке өзінің қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, алаяқтық жолмен Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығымен дәрі-дәрмектерді жеткізу жөнінде келісімшарт жасасуға көмек көрсеткені үшін кәсіпорындар бірінің директорынан 2 млн. 400 мың теңге алған деген айып тағылып отыр.
Бұдан басқа, Ордабеков өзге ЖШС-ның бас директорынан жүйелерді жаңғырту бойынша мемлекеттік сатып алулар конкурсында оны жеңімпаз деп тану үшін 1 млн. 700 мың теңге пара алған деп айыпталуда.
Қазіргі уақытта айыпталушы және оның қорғаушылары қылмыстық істің материалдарымен танысу барысында.