Қаржы полициясы АШМ-нің 1,7 млрд. теңгені тиімсіз жұмсауына жол бермеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің вице-министрі М.Өмірияев пен оның қорғаушысын қылмыстық іс материалдарымен таныстыру аяқталды, деп хабарлады ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметінен.

Қаржы полициясы АШМ-нің 1,7 млрд. теңгені тиімсіз жұмсауына жол бермеді

Ведомствоның ақпаратына қарағанда, ол аусыл ауруына қарсы вакцинаны мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңіске жетуде көмек көрсеткені үшін кәсіпкерден 100 мың АҚШ доллары және 6 млн. 950 мың теңге сомасында пара алды деп айыпталуда. Жақын уақытта қылмыстық іс айыптау қорытындысымен прокуратура органдарына әрі қарай сотқа жолдау үшін жіберілді.

«Аталған істі тергеу барысында Қаржы полициясы агенттігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен аусыл ауруына қарсы вакцинаны сатып алуға бөлінген 1,7 млрд. теңге бюджет қаражатын тиімсіз жұмсаудың жолын кесті. 2013 жылы өндіруші зауытпен (РФ, Владимир қаласы) ірі қара малға аусыл ауруына қарсы вакцинаның бір дозасын 63 теңгеге бағасымен шығарылатыны анықталды, ал ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі әрбір дозаны 3 есе қымбатқа, яғни 220 теңгеге сатып алғаны анықталған», - делінген хабарламада.

2014 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі аусыл ауруына қарсы вакцинаның бір дозасын 232,73 теңге бағасымен сатып алуды жоспарлаған. Аталған вакцинаға бюджеттен 4,34 млрд. теңге бөлінген. 2014 жылғы 28 ақпанда вакцинаның 1 дозасын 232,73 теңге бағасымен сатып алуға конкурс жарияланған.

Алайда 2014 жылғы наурызда Қаржы полициясы агенттігі Ауыл шаруашылығы министрлігіне мемлекеттің экономикалық мүддесіне залал келтірумен бірге жаңа сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасауға жағдай туындағанын айтып, оның ішінде сатып алынатын вакцинаның көтерме бағасын атап, осы жағдайларды жою бойынша хат жолдады. Қаржы полициясы араласқан соң, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі аусыл ауруына қарсы вакцинаның бағасына сараптау жүргізу арқылы жарияланған конкурсты өткізбеді.

Нәтижесінде, 2014 жылғы 18 шілдеде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңадан конкурс жариялады. Аусыл ауруына қарсы вакцинаның бір дозасын сатып алу бағасы 110 теңгеге дейін азайтылды.

Сонымен, Қаржы полициясы агенттігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен 1,7 млрд. теңгеден астам бюджет қаражатын негізсіз жұмсаудың жолын кесіп, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасауға себеп болатын жағдайларды жойды.