Қаржы полициясы қаржы пирамидаларымен күресетін заң жобасын әзірлеуде
АСТАНА. 21 маусым. ҚазАқпарат - Қаржы полициясы қаржы пирамидаларымен күресетін заң жобасын әзірлеуде.
Бұл туралы бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутаттар сұрақтарына жауап берген Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко мәлім етті.
Сөз арасында ҰБ төрағасы халықтың қаржылық сауаттылығын арттырудың маңыздылығын атап өтті.
«Әсіресе, қаржы пирамидаларына қатысты тақырып тағы басталып келеді, өңірлерде бұл проблема мерзім сайын бой көрсетіп жатыр. Сонымен қатар, «МММ» қызметіне қатысты депутаттар да сауал жолдаған болатын. Осыған қатысты Қаржы полициясы қаржы пирамидаларымен күрес бойынша заң жобасын әзірлеу үстінде», - дейді ҰБ төрағасы Григорий Марченко.
Оның айтуынша, аталған мәселелердің басым бөлігі негізінен жұртшылықтың қаржылық сауаттылығынан туындайды. Сондықтан да, Ұлттық банк те бұл бағыттағы мәселені жалғастыратын болады.
«Жалпы бүгінгі басты міндеттердің бірі қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқын қорғау болып табылады. Шындығына келгенде халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мен қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқық қорғау мәселелері бір-бірімен тығыз байланысты. Сол үшін біз кешенді жұмыстарды жалғастыратын боламыз», - дейді Г. Марченко.