Қаржы полициясы кәсіптік орталықтарға бөлінген 8,3 млрд. теңгені тиімсіз пайдалану фактісі бойынша тергеу амалдарын жүргізуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес агенттігі Білім және ғылым министрлігінің кәсіптік орталықтар құрылысына бөлінген ақша қаражаттарын тиімсіз пайдалану фактісі бойынша тексеру жүргізуде.
Бұл туралы бүгін Ақордада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысында ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев мәлім етті.
«Қаржы полициясы органдарымен Атырау, Өскемен, Екібастұз, Шымкент қалаларында аталған орталықтардың құрылысына бөлінген 11,4 млрд. теңгенің 8,3 млрд. теңгесінің тиімсіз пайдалану фактісі бойынша тергеуалды тексеру шараларын жүргізуде. Аталған орталықтардың тек Атыраудағы нысаны ғана салынған», - деді Бас прокурор.
Сонымен қатар А.Дауылбаевтың атап өтуінше, ағымдағы жылы Алматы облысында сабақ кезінде ғимараттағы температура режімінің сақталмауы орын алған.
«Анықталғандай, оның себебі - аудандық білім басқармаларының салғырттығы салдарынан бірыңғай жеткізушімен мектептерді дизель отынымен қамтамасыз ету міндеттемесі орындалмаған. Аталған фактіге байланысты облыстық прокуратура Қылмыстық кодекстің 307 бабы бойынша қылмыстық іс қозғады», - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, 320,6 млн. теңге сомасындағы дизель отынының жеткізілмеуіне байланысты бөлінген қаржыны қайтару жөніндегі талап арыз берілген.