Қаржы полициясы қолдан жасалған ақшаларды есепке алу базасын жасайды

АСТАНА. 18 сәуір. ҚазАқпарат - Жалған ақша жасаумен айналысатындардың әрекетіне тойтарыс беру мақсатында Қаржы полициясы кешенді шаралар қабылдауда. Оның ішінде қолдан жасалған ақшаларды ақпараттық-сараптамалық есепке алу базасын құру да бар. Бұл туралы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Қаржы полициясы қолдан жасалған ақшаларды есепке алу базасын жасайды

Агенттік мәліметтеріне қарағанда, жалған ақшаны ең көп жасау фактілері Астана мен Алматы қалаларында тіркелген. Жедел тәжірибелік шаралар көрсеткендей, ең көп жасалатын жалған ақшалар ескі нұсқадағы 10 мың теңгелік (2417 дана) және 2 мың (2492 дана) теңгелік банкноттар болып отыр.

Жалпы, 2012 жылы қаржы полициясы органдары 15 жасырын цех жұмысына тосқауыл қойып, жалған ақша жасап сатуға қатысты 2878 қылмыстық іс қозғаған. Бұл 2011 жылмен салыстырғанда 5 есеге артық. Бұдан бөлек, жалпы номиналдық құны 40 млн теңгені құрайтын 7 мың жалған ақша банкноттары тәркіленген. Оның ішінде ұлттық валютадағы 6640 ақша алынып, ол 34,6 млн теңгені құраған. Сонымен қатар 335 дана жалған 100 долларлық АҚШ банкноттары тәркіленген.