18:37, 27 Ақпан 2009 | GMT +5
Қаржы полициясы қызметкерлерінің әйел зорлау фактісіне қатысы бар екендігі туралы ресми мәліметтер жоқ - Д. Есімбекова
АСТАНА. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қаржы полициясы қызметкерлерінің әйел зорлау фактісіне қатысы бар екендігі туралы ресми мәліметтер жоқ.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз хатшысы Дәмежан Есімбекова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында қаржы полициясы қызметкерлерінің 2008 жылдың соңында және ақпанның 7-сі мен 8-і аралығында әйелдерді зорлау фактісіне қатысы бар деген материалдар жарияланған болатын.
«Бірінші жағдайда, арыз берушінің шара қолданбау туралы жазбаша өтінішіне байланысты ішкі істер органдары қылмыстық іс қозғамау туралы қаулы шығарды. Ал екінші жағдайда, ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы бойынша Астана қаласының Ішкі істер департаменті биылғы жылғы ақпанның 20-ында фактіге қатысты қылмыстық іс қозғады», деді ресми өкіл. Оның айтуынша, қаржы полициясы қызметкерлерінің аталған қылмысқа қатысы бар екендігі туралы ресми мәліметтер жоқ.
Журналистер сауалдарына жауап беру кезінде Д. Есімбекова екінші жағдай бойынша қылмыстық іс нақты адамдарға қатысты емес, тек факті бойынша қозғалғанын айтты. Атап айтқанда, бұл қылмыстық істе қаржы полициясының қызметкерлері куәгер ретінде өтуде. Қазіргі кезде бұл қызметкерлер жұмыстан босатылды.
«Жақын арада Ішкі істер министрлігі объективті шешім шығарып, ресми мәлімдеме жасайды деген ойдамыз»,-деді баспасөз хатшысы.