Қаржы полициясы лауазымды тұлғалардың заңды кәсіпкерлік қызметке арласуының 45 фактісін анықтады
АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ағымдағы жылдың 1 тоқсанында қаржы полициясы лауазымды тұлғалардың заңды кәсіпкерлік қызметке арласуының 45 фактісін анықтады.
Бұл туралы бүгін елордада ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.
«2011 жылғы 3 айда қаржы полициясы органдарымен лауазымды тұлғалардың заңды кәсіпкерлік қызметке арласуының 45 фактісі анықталды. Өткен жылдың осы кезеңінде осындай 25 факт әшкереленген еді. Сотқа осы санаттағы 14 қылмыстық іс жолданды, 2 адам сотталды. Бұндай фактілердің жартысына жуығын шенеуніктердің бизнесмендерден пара бопсалауы құрайды», - деді ол.
Оның атап өтуінше, қаржы полициясы органдарының жедел-тергеу тәжірибесі барысында лауазымды тұлғалардың тарапынан кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу жағдайларының көпшілігі мемлекеттік органдармен жүргізілетін тексеріс кезінде орын алатындығы белгілі болған.
«Мәселен, Ақтөбе облысында санитарлық-эпидемиологиялық комитетінің қалалық департаментінің бас маманы Шаңгереев 3 жылға бас бостандығын айырылды. Ол "ТрансОйлГазТрейд" ЖШС директорынан Қарғалы ауылындағы Геологтардың мәдениет үйін газбен қамтамасыз ету ғимаратын санитарлық-эпидемиологиялық қараудың оң актісін беру үшін 30 мың теңге пара алған», - деді ресми өкіл.