18:22, 19 Наурыз 2014 | GMT +5
Қаржы полициясы мемлекеттік сатып алулар кезінде қаражаттың ысырап болуына тосқауыл қояды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Қаржы полициясы мемлекеттік сатып алулар кезінде қаражаттың ысырапталуына тосқауыл қоймақ. Бұл туралы бүгін Сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында Қаржы полициясы ақпараттық-сараптамалық департамент басшысы Олжас Бектенов айтты.
«Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға бюджеттік қаражаттың әрбір тиынына дейін есептілігін күшейтіп, мемлекеттік сатып алулар арқылы жүзеге асырылатын мемлекеттік қаражаттың көп мөлшерде ысырап етілуін жою қажет», - деді ол.
Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алулар саласын жайлап алған сыбайлас жемқорлық осы сатып алуларды жүргізудің мүлдем жаңа жолдарын қарастыруды талап етеді. «Сондықтан, мердігердің бюджеттік қаражатты келісімшарт бойынша жұмсау құқығына оның мемлекет пен қоғам алдындағы жұмысының толықтай ашық түрде жүргізілуі жөніндегі міндет қойылуы қажет», - деді О. Бектенов.