Қаржы полициясы мен кеден қызметінің қатары 114 офицермен толықты

АСТАНА. 24 маусым. ҚазАқпарат - Астанада Қаржы полициясы академиясы түлектерін салтанатты шығарып салу рәсімі өтті,

Қаржы полициясы мен кеден қызметінің қатары 114 офицермен толықты

деп хабарлады Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) баспасөз қызметінен.

«Заңтану», «Құқық қорғау қызметі» және "Кеден ісі" мамандықтары бойынша білім алған Академияның 114 тындаушысы қаржы полициясы және кеден қызметі офицерлерінің қатарына қосылды.

Өз сөзінде Қаржы полициясы академиясы бастығының ғылыми-зерттеу жұмысын және халықаралық ынтымастағын ұйымдастыру жөніндегі орынбасары С.А. Арыстанбаева өз сөзінде: «Бүгін 114 түлегіміз Қазақстанның әрбір аумағына барады. Олар еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен күресуге кіріседі. Елбасы Н. Назарбаев құқық қорғау органдарының алдында қойған міндеттерін біздің түлектеріміз үлгілі атқарады деп кәміл сенемін, себебі олардың ішінде оқу, ғылым, спорт үздіктері бар және оның негізі Қаржы полициясы академиясының құрамында ғалымдар, кандидаттар және докторлар, Ph.D-докторлары және магистрлері, қаржы полициясының және құқық қорғау органдарының тәжірибелі қызметкерлері, педагогикалық өтілі мол көп оқытушылар бар. Бүгін алтын ұясының ұшып кеткен біздің түлектермізге тек қана жақсылық тілейміз», - деп атап өтті.

Академияның жеке құрамының, сондай-ақ қонақтар мен тыңдаушылардың, ата-аналары назарына салтанатты шығарылым рәсіміне арналған шеру болды. Оқу алаңында әскери оркестрдің сүйемелдеуімен курсанттар мерекелік маршын орындады. Оған қоса Академия тыңдаушыларының қызметтік оқу-жаттығулары мен ұрыс тәсілдері көрсетілді.

Еске сала кетсек, Қаржы полициясы академиясы 1999 жылғы 18 тамызда құрылған болатын.

ТМД елдері үкімет басшыларының Кеңесі 2007 жылғы 25 мамырда Ялта қаласында ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясының) Қаржы полициясы академиясына ТМД-ға қатысушы елдердің салықтық (қаржылық) тергеу органдары үшін кадрларды даярлау және қайта даярлау жөніндегі базалық ұйымы мәртебесін беру туралы шешім қабылдады.

Бүгінгі күні Академия бойынша тыңдаушылар контингенті 436 адамды құрайды және олар күндізгі оқыту бөлімінде білім алады. Академиядағы оқу үдерісінің еліміздің жоғары және ведомстволық оқу орындарынан ерекшілігі құқықтану пәндерімен қатар экономикалық пәндерді тереңдетіп оқытуында. Тергеу-экономикалық және жедел-экономикалық мамандандырылу бойынша арнайы курстарды (экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарды ашу және тергеу әдістемесі, экономика саласындағы қылмыстарды саралау, алдын ала тергеу өндірісін ұйымдастыру және басқалар), саптық және атыс дайындығын зерделеуге үлкен көңіл бөлінеді.

Бұдан басқа Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) мен Тәжікстан Республикасы мемлекеттік қаржыны бақылау және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің өзара келісім-шарт аясында қазіргі уақытта Академияда Тәжік елінен 10 тыңдаушы білім алуда.

2002-2012 жылдар аралығында Қаржы полициясы академиясын 1136 тыңдаушы аяқтады.

Академияда күндізгі оқыту факультеті және магистратура, сондай-ақ кәсіби қайта даярлау және біліктілікті арттыру факультеті, жеті кафедра, жалпы және арнайы кітапханалар, 10 бөлім және қызмет жұмыс жасайды.

2009 жылдан бастап Ph.D докторантурасына қабылдау жүзеге асырылады.