Қаржы полициясы органдарының ұсыныстары бойынша 44 мемлекеттік қызметші жұмысынан босатылды - апталық брифинг
АСТАНА. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қаржы полициясы органдарының ұсыныстары бойынша 44 мемлекеттік қызметші жұмысынан босатылып, 17 тұлғаға мемлекет алдындағы міндеттерін атқаруға тыйым салынды.
Ал 2 азаматқа мұндай міндеттерді жүктеуге мүлдем тыйым салынды. Бұл туралы бүгін Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агентігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай журналистермен болған баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, аталмыш агенттік өкілдері заңды тұлғаларға түрлі деңгейдегі қылмыстар мен өзге де құқық бұзушылықтардың жасалуына жағдайы тудыратын себептер мен салдарларды жою жөніндегі ұсыныстар мен ұйғарымдар беруге құқылы. Ағымдағы жылдың 8 айында түрлі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға 958 ұсыныс жіберіліп, олардың 648-і қарастырылып біткен. Осыған орай 572 азамат тәртіптік жауапқа тартылып, олардың 258-іне ескерту жасалған. Сондай-ақ 133-не сөгіс, 64-не қатаң сөгіс жарияланды. Сонымен қатар, тағы 49 қызметкердің өз қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде ескертіліп, 5 лауазым иесі қызметтерінен босатылған. «Мысалы, Алматы облысының Талғар ауданында жер қатынастары бөлімінің бастығы Н.Нарыбаев көлемі 5 гектар жерді жекеменшікке заңсыз бергені үшін қызметінен босатылды. Ал Ақтөбе қаласында жеке кәсіпкердің мүлкіне қойылған шектеуді уақытында алмағаны үшін Салық басқармасының қабілетсіз борышкерлермен жұмыс бөлімінің бастығы Г.Бисенғалинаның жылы орнынан жылыстауына тура келді», деді ресми өкіл.