Қаржы полициясы пара алғаны үшін Астана қаласы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің бөлім бастығын қамауға алды

Бұл туралы Қаржы полициясының баспасөз қызметінен мәлім етті.
«Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Қаржы полициясы агенттігі қызметкерлерімен ағымдағы жылғы 25 шілдеде «ТС-Альянс» ЖШС директорынан осы мекемені тексеру бойынша жағымды шешім шығару үшін 200 мың теңге пара алды деген күдікпен Астана қаласы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің құрылыс саласындағы еңбек заңнамасын бақылау бөлімінің бастығы К.Шайхимов ұсталды», делінген таратылған баспасөз хабарламасында.
Осы күні Шайхимовке қатысты пара алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
2012 жылғы 27 шілдеде Шайхимов сот санкциясымен қамауға алынды.
«Жалпы ағымдағы жылғы 6 айда қаржы полициясы органдарымен парақорлықтың 316 фактісі анықталды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10%-ға артық»,- деп қосты Қаржы полициясынан.