Қаржы полициясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын күшейтуді көздеп отыр
АСТАНА. 2 сәуір. ҚазАқпарат - Қаржы полициясы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жолын кесу және жазалау жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасын әзірлеп жатыр.
Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.
Оның хабарлауынша, қаржы полициясы аталған заң жобасын дайындау жұмысына қоғамдық ұйымдар мен азаматтардың кеңінен араласуын қалап отыр. «Ол үшін Агенттіктің www.finpol.kz ресми сайтында 2-10 сәуір аралығында «Халықтық құқықшығармашылық» атты бөлім жұмыс істейтін болады. Аталған бөлімге әрбір азамат өз ұсыныстарын қалдыра алады. Әрбір ұсыныс қарастырылады, олардың өзектілері жұмыс тобының талқылауынан кейін «Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықты күшейту арқылы алдын алу, ескерту, жолын кесу және жазалау жүйесін жетілдіру бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен қосымшалар енгізу туралы» заң жобасына енгізілетін болады», - дейді М.Жұманбай.