Қаржы полициясы сыбайлас жемқорлықпен күрестің барлық сатыларын ағымдағы жылы да жалғастырады

АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде өткен баспасөз мәжілісінде ведомствоның ресми өкілі Мұрат Жұманбай сыбайлас жемқорлықпен барлық сатылардағы күрес осы жылы да жалғасын табатындығын мәлім етті.

Қаржы полициясы сыбайлас жемқорлықпен күрестің барлық сатыларын ағымдағы жылы да жалғастырады

«Бұл істе біз қазақстандықтардың белсенді азаматтық ұстанымдарына үміт артамыз және әрбір азаматтың оған мәлім болған сыбайлас жемқорлық фактілері туралы қаржы полициясы органдарының бірыңғай «144» сенім телефонына хабарлама бере алатындығын еске саламыз», деді ол.

Ресми өкіл «көлеңкелі» экономикаға қарсы тұру осы жылы қаржы полициясының басым бағыты болып қала беретіндігін, себебі ол сыбайлас жемқорлық көріністерімен тығыз байланысты екендігін, ал азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілердің сенімі құқық қорғау органы ретіндегі қызметінің басты көрсеткіші болып табылатындығын атап өтті.

«Ағымдағы жылы қаңтардың 29-ындағы Елбасы Жолдауының ережелерін орындау мақсатында қаржы полициясы органдарының қызметі жоғарыда аталған басым бағыттардағы жұмыстың нәтижесі мен сапасын арттыруға жұмылдырылатын болады», деді өз сөзінде ол.

М.Жұманбайдың айтуынша, қаржы полициясының органдары 1486 сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмысты анықтаған, ол барлық құқық қорғау органдарымен тіркелген осындай қылмыстардың 78 пайызын құрайды. Ал осы санаттағы 1282 қылмыстық іс сотқа жолданғанын айтан ол, «Сыбайлас жемқорлық қылмыстармен келтірілген 3,2 млрд теңге мемлекетке өтелді», деді.

Сондай-ақ ресми өкілдің айтуына қарағанда, өткен жылы парақорлық фактілерін анықтау 39 пайызға, оның ішінде пара алу фактілері - 25 пайызға, ал пара беру фактілері - 54 пайызға артқан.