Қаржы полициясы:Талдау материалдары негізінде 200-ден астам жалған кәсіпорын қызметі тоқтатылды
АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қаржы полициясы агенттігінің Ахуалдық орталығы мен аумақтық департаменттерінің сарапшылары ұсынған материалдар негізінде 250-ден астам қылмыстық іс қозғалды,
деп хабарлады аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.
Агенттік ақпаратына қарағанда, талдау жолымен Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Қызылорда облыстары мен Астана қаласындағы бюджет қаражатын ұрлаудың тұрақты сызбалары анықталды.Мәселен, өткен жылдың аяғында Агенттіктің Ахуалдық орталығымен Ақтөбе облысындағы мемлекеттік сатып алулардың заңдылығының терең талдауы жүргізілді. Талдау материалдары бойынша 200-ден аса жалған кәсіпорынның қызметі анықталып тоқтатылды.
Мысалы, ағымдағы жылғы шілдеде Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағында бірнеше жыл бойы жалған кәсіпкерлікпен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі әшкереленді. Аталған компаниялардың тобы мемлекетке 3,7 млрд.теңге залал келтірген.
Тексеріс шараларының нәтижесінде ағымдағы жылғы тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қаржы полициясы департаменті қылмыстық топ мүшелеріне қатысты 5 қылмыстық іс қозғады. Залалды өтеуге бағытталған шаралар қабылдануда.
Бұдан бұрын саралап іздеу жолымен Қостанай облысының аумағында салық төлеуден жалтару мен қолма-қол ақша ауыстыру бойынша қызмет көрсетумен айналысқан жалған кәсіпорындардың тобы анықталған болатын. Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында ағымдағы жылғы мамырда 1 млн. АҚШ долларын қолма-қол ақшаға ауыстыру үстінде қылмыстық топтың белсенді мүшесі В. Грищенко ұсталды. Оған қатысты жалған кәсіпкерлік, салық төлеуден жалтару фактілері бойынша 43 қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен қатар, жүргізуші куәліктерін алған және қару-жарақты ұстау және сақтау құқығына ие болған тұлғаларға қатысты жүргізілген талдау олардың қатарында ауыр психикалық ауруларға, алкоголизм және нашақорлыққа душар болған тұлғалардың бар екендігін анықтады. Бұл фактілер бойынша 15 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде полиция қызметкерлеріне қатыстылары да бар.