Қаржы полициясы ұсынған материалдар бойынша Жоғарғы сотта болып жатқан «құбылыстарға» анық көз жетеді - А. Мусин

АСТАНА. 14 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Қаржы полициясы ұсынған материалдар бойынша Жоғарғы сотта болып жатқан «құбылыстарға» анық көз жетеді.

Қаржы полициясы ұсынған материалдар бойынша Жоғарғы сотта болып жатқан «құбылыстарға» анық көз жетеді - А. Мусин

Бүгін ҚР Парламенті Cенатының отырысында ҚР Жоғарғы сотының бірқатар судьяларын қызметінен босату туралы мәселені қарау барысында ҚР Президенті Әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусин осылай мәлім етті.

«Қаржы полициясы тарапынан тергеу жүргізілді. Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады. Ал бүгін біз өз тарапымыздан Қаржы полициясы ұсынған материалдармен толық танысып шықтық. Сосын Жоғарғы сотта болып жатқан «құбылыстарға» анық көз жетті. Сондықтан да, біз Сенат алдына судьяларды қызметінен босату туралы мәселе қойып отырмыз. Тергеу жалғасады, сот өтеді. Сол кезде ғана барып нәтиже туралы айта аламыз», - деді Президент Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин.

Естеріңізге сала кетейік, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі ҚР Президентінің атына ҚР Жоғарғы сотының судьясы қызметінен судья Алмаз Тәшенова, Мақсат Әбілқайыр, Мәрзия Балтабай, Сайлаубек Жәкішев, Бақытжан Жақыпов, Марклен Қамназаровтарды босату туралы ұсыныс жасаған болатын. Оларға негізінен қызмет бабын асыра пайдалана отырып, сыбайлас жемқорлық қылмысқа барды деген айып тағылуда. Осыған қатысты бірқатар фактілерді Қаржы поициясы ұсынды. Қызметтен босағандар арасында жақында ғана Сенат арқылы қызметіне тағайындалған судья да бар болып шықты.