Қаржы полициясы Ж.Досқалиевқа қатысты тағы 2 қылмыстық іс қозғады

АСТАНА. 17 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қаржы полициясы Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Досқалиевқа қатысты қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану және бюджет қаражатын ұрлаудың фактілері бойынша тағы 2 қылмыстық іс қозғады.

Қаржы полициясы Ж.Досқалиевқа қатысты тағы 2 қылмыстық іс қозғады

Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысныда ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

«Медициналық академия аумағынан тұрғын үй салуға жер учаскелерін заңсыз беру және салынған үйлерден 11 пәтерді пара ретінде алудан бөлек, Досқалиевқа қатысты қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану және бюджет қаражатын ұрлаудың фактілері бойынша 2 қылмыстық іс қозғалды», - деді ресми өкіл.

Оның атап өтуінше, бірінші қылмыстық іс Жедел жәрдем ғылыми-зерттеу институтын жалған актілер арқылы министрлік балансына алумен байланысты болса, екіншісі республиканың денсаулық сақтау мекемелерінің қажеттіліктеріне бірнеше есе жоғары бағамен «Денсаулық сақтаудың салынып жатқан нысандарының дирекциясы» ЖШС-нен тауарлар мен қызметтерді сатып алумен байланысты болып отыр.

«Досқалиев қызметін пайдаланып, өзінің бұйрықтарымен Үкімет қаулыларына қажетті өзгерістерді енгізуді ұсынбастан, 2009 жылғы ақпан мен наурызда «Денсаулық сақтаудың салынып жатқан нысандарының дирекциясы» ЖШС-нің қызмет түрлерін заңнамамен тыйым салынбаған өзге де түрлерге заңсыз кеңейткен, министрліктің мемлекеттік сатып алулар жоспарын өзгерткен және аталған дирекциядан «Мемлекеттік сатып алулар» туралы заңның нормаларын қолданбай сатып алынатын қызметтердің тізімін бекіткен», - деді ол.

М.Жұманбайдың сөзіне қарағанда, «Панасоник» теледидары нақты бағасы 6 млн. теңге бола тұра, 11 млн. теңгеге, ал нақты бағасы 22 мың теңгелік лазерлік принтер 48 мың, сондай-ақ 262,6 мың теңгенің ұйымдастыру техникасы 363,7 мың теңгеден сатып алынған.