Қаржы полициясы Ж. Досқалиевтің адвокатының сот-медициналық сараптау жұмыстарын жүргізу жөніндегі қолдау хатын қанағаттандырды

АСТАНА. Қазанның 28-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Ж.Досқалиевке Республикалық ұлттық ғылыми-медициналық орталық қызметкерлері алғашқыда қойған диагнозды Ресейден келген мамандар жасаған зерттеулер түбегейлі жоққа шығарды.

Қаржы полициясы Ж. Досқалиевтің адвокатының сот-медициналық сараптау жұмыстарын жүргізу жөніндегі қолдау хатын қанағаттандырды

Бұл туралы бүгін Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, ресейлік мамандардың зерттеу нәтижелері Ж.Досқалиевте не инсульттің, не каматоздық жағдайдың болмағандығын көрсетті. Сөйтіп, бұрынғы министрдің өтірік науқастанып жатқандығы расталды. Бұны арнайы жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижелері де көрсетіп отыр. «Қазіргі таңда Ж.Досқалиев Астана қаласының тергеу оқшаулағышының санитарлық бөлімінде жатыр. Әзірге ол денсаулығының нашарлығына шағымданған жоқ. Осыған байланысты қазір сот-медициналық сараптау жұмыстарын жүргізудің де қажеті жоқ. Соған қарамастан, осы іспен байланысты тергеу-іздестіру жұмыстарының ашықтығын қамтамасыз ету үшін қаржы полициясы органдары Ж.Досқалиевтің адвокатының сот-медициналық сараптау жұмыстарын жүргізу жөніндегі қолдау хатын қанағаттандырды», -деді ресми өкіл.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда қылмыстық іс тексерілуде. Ол туралы ақпараттар қоғам назарына тексеру жұмыстары аяқталған соң толығымен жеткізіледі.