Қаржы полициясының ресми өкілі Жоғарғы сот судьясының сөзін жоққа шығарды

АСТАНА. Қазанның 28-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Жоғарғы соттың Қылмыстық істерді бақылау алқасының төрағасы Ақылтай Қасымовтың Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар Мешімбаеваны тұтқынға алу жөнінде санкция берген жоқпыз деген мәліметін жоққа шығарды.

Қаржы полициясының ресми өкілі Жоғарғы сот судьясының  сөзін жоққа шығарды

Журналистермен болған брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбайдың айтуынша, Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы А.Мешімбаева 2009 жылдың қараша айының 18-інде мемлекетаралық іздеуге жарияланған. Оған халық санағын өткізуге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға бөлінген «аса ірі мөлшердегі бюджет қаражатын ұрлады» деген сырттай айып тағылған. «Оны қамауға алу туралы санкцияны 2009 жылдың қараша айының 10-ында Астана қаласының №2 Сарыарқа аудандық соты берген. Қаржы полициясы органдары басқа құқық қорғау органдарының көмегімен А.Мешімбаеваны іздеп тауып, оны ұстау үшін барлық шараларды қолдануда», - деді ресми өкіл.