Қаржы полициясының төрағасы Р.Түсіпбеков кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне заңсыз араласуды жоюды талап етті
АСТАНА. 20 ақпан. ҚазАқпарат - 17 ақпанда Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде Мемлекет басшысының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мәселелері талқыланды.
Бұл туралы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) баспасөз қызметінен хабарлады.
Агенттік төрағасы Рашид Түсіпбеков Президенттің берген тапсырмалары шеңберінде қаржы полициясы органдарының алдағы кезеңдегі жұмысының мақсатын нақтылады.
Атап айтқанда, Агенттіктің күш-жігері сыбайлас жемқорлық пен «көлеңкелі» экономикамен жүйелі күреске, бюджет қаражатын ұрлау фактілерінің жолын кесуге, сондай-ақ сапалы кадрлармен жаңартуға бағытталуы тиіс екендігін атап өтті.
Жедел бөлімшелердің жұмысы тек қозғалған қылмыстық істердің санымен бағаланатын «таяқтау» жүйесінен бас тартуды талап етті. Жұмыстың түпкі мақсаты кінәлі тұлғаны соттаумен қатар, қылмыстарды жасауға негіз болатын себептер мен шарттарды жою болып белгіленді.
Р.Түсіпбеков: «Ең бастысы, қылмыстардың алдын алу қажет. Біз сыбайлас жемқорлық және экономикалық қылмыстарды жасаудың алдын алып және олардың жолын кесуге тиіспіз. Қылмысты жасауға негіз болатын себептер мен шарттарды жою қажет», деп атап өтті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағыты бойынша жеке құрамның назары пара бопсалау және бюджет қаражатын ұрлаумен жүйелі түрде айналысатын тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға бағытталатын болады.
Қылмыстық табыстарды «жылыстатуға» және оларды елден шығаруға қарсы күрес, сонымен қатар жалған кәсіпорындар қызметінің жолын кесу - басым бағыттар ретінде анықталды.
Агенттік төрағасы тексерістер мен қылмыстық істерді тергеу барысында кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне заңсыз араласуды жоюды талап етті.
Ол үшін Р.Түсіпбеков экономикалық саламен және бизнес-құрылымдарымен жұмыс жасау кезіндегі қаржы полициясы органдары уәкілеттіктерінің шегі мен шеңберін, сондай-ақ бақылаушы органдардың кәсіпкерлік субъектілердің қызметін тексеруге бастамашылық жасау үшін қажетті негіздемелердің толық тізбесін нормативтік деңгейде анықтауды тапсырды.
Сонымен қатар, мұндай тексеру тек аумақтық департамент бастығының жазбаша келісімі бойынша ғана жүргізілу мүмкіндігі бекітіліп, ал жеке кәсіпкерлік субьектісін заңсыз тексеру тағайындалған жағдайда - тексеруге бастамашылық жасаған адам ғана емес, оған келісім берген басшысы да лауазымынан босату түріндегі жауапкершілікке тартылатындығы анықталды.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, қаржылық-экономикалық қылмыстарды, оның ішінде кейбір салықтық қылмыстарды декриминализациялау жұмысын жалғастыру жүктелді. Қылмыстық әрекеттердің арасында тек қоғамға және мемлекетке елеулі қауіп тудыратындары ғана қалдырылатын болады.
Агенттік сондай-ақ сыбайлас жемқорлық әрекеттердің тізбесін оларды жемқорлық қылмыстарға жатқызу негізділігі бойынша зерделейді.
Кеңес барысында Р.Түсіпбеков Агенттік төрағасының жаңа тағайындалған орынбасарларын ұжымға таныстырып өтті.
Еске салсақ, 2012 жылғы 16 ақпандағы Елбасының өкімімен Агенттік төрағасының бірінші орынбасары болып А.Лукин, Агенттік төрағасының орынбасарлары болып М. Ахметжанов пен А. Бодановтар тағайындалды.