Қаржы секторындағы оң өзгерістер ел экономикасына ықпал етеді - Борис Уманов
АЛМАТЫ. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Еуразия» сақтандыру компаниясы» АҚ-ның Басқарма төрағасы Борис Умановтың айтуынша, экономика мұнай мен металл бағасына әлі де тәуелді.
Сондықтан үкімет шикізат бағасына ғана иек артпай, алдағы жылы қаржы саласына көбірек мән беруі керек. Бұл пікірін ол бүгін Алматыда компанияның 2010 жылдың алдын ала қорытындылары жарияланған баспасөз мәслихатында білдірді.
«Қазақстан үшін алдағы уақытта бүкіл қаржы секторы бойынша көбірек жұмыс істеген жөн болар еді. Өйткені ондағы оң өзгерістер ел экономикасына тұтастай ықпал етеді», - дейді Борис Уманов.
Оның айтуынша, қаржы секторында зейнетақы қорларындағы салымшылардың көші-қоны ерекше көңіл бөлуді қажет етіп отыр. Себебі зейнетақы қорлары ірі институттық инвесторлар саналады. Жалпы алдағы жылы қаржы саласы тұрақты болады деп болжам жасалуда.