Қасапханадан қашып шыққан сиырға рақымшылық жасалды

АСТАНА. 14 сәуір. ҚазАқпарат - Нью-Джерси штаты Патерсон қаласындағы қасапханадан бір сиыр сытылып шығып, қала көшелерінде 1 сағат бойы жүрген.

Қасапханадан қашып шыққан сиырға рақымшылық жасалды

Бұл туралы The Record газетіне сілтеме жасап, Лента.ру хабарлайды. Қара ала сиырды ұстауға жергілікті полиция қызметкерлері мен жануарларды қорғау ұйымының белсенділері жұмылдырылған.

Полицияның хабарлауынша, қасапхана иелері сиырдың қашып кеткенін білмеген болып шықты. Оның ешкімге көрінбей, қалайша сытылып шыққаны әлі күнге дейін белгісіз. әлгі сиыр қала көшелерін аралап, баскетбол алаңына кіріп, біраз қыдырыстаған көрінеді.

Ақыр соңында «қыдырмашы» сиырды ұйықтататын дәрімен атып, ұстаған. Қасапхананың иесі «бостандық сүйгіш» бұл жануарды соймауға уәде беріп, жергілікті мал фермаларына өткізетінін айтқан.

Әлемдегі ең атақты қашқын-сиырдың аты Ивонна . Ол 2011 жылдың мамыр айында фермадан қашып кетіп, бірнеше ай бойы орманда тығылып жүрген. Сөйтіп тек қыркүйек айында ғана қолға түскен болатын. Қазір ол Австриядағы мал фермаларының бірінде. Ивоннаның оқиғалары туралы мультфильм түсіру де жоспарланған.