KASE AIX-пен бірігу туралы келіссөз жүргізіп жатқан жоқ
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстанның қос қор биржасы – Қазақстан қор биржасы (KASE) мен Астана халықаралық биржасының (AIX) құрылымы мен қызметі өзгеріссіз қалады. Бірігу туралы келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ. Бұл туралы Алина Алдамберген мәлімдеді.

– Бізге бірігу, біріктіру немесе оңтайландыру туралы үнемі хабарласады. Қазіргі уақытта Қазақстан қор биржасы (KASE) AIX-пен ешқандай келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ деп айта аламын, - деп жауап берді Алина Алдамберген баспасөз мәслихатында.
Қос биржаны біріктіру идеясы 2023 жылғы қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында көтерілген болатын. Президент екі биржаның қызметі бір-бірін қайталайтынын және өзара бәсекелесетінін атап өтіп, оларды біріктіруді ұсынды. Ол салыстырмалы түрде шағын қор нарығында екі сауда алаңы жұмыс істеуі артық екенін атап өткен.
Былтыр Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов KASE-нің ресейлік акционері санкцияға тап болғаны үшін елімізде бірыңғай биржалық холдинг құру ісі тұралап қалғанын айтты.
Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов KASE Мәскеу биржасына тиесілі 13% акцияны қайтадан өзіне сатып алу керек екенін айтқан болатын.
2024 жылдың қазан айында «Мәскеу биржасы» ЖАҚ (MOEX) «Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) акционерлерінің құрамынан шықты.