KASE-де «рубль-теңге» саудасының көлемі артты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қаңтар айында Қазақстан қор биржасындағы (KASE) шетелдік валюта нарығында рубль-теңге саудасының көлемі артты. Мұның себептерін баспасөз мәслихатында «Қазақстан қор биржасы» АҚ Ақпарат және статистика департаментінің директоры Зәуре Есімова түсіндірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Шетелдік валюталар саудасының жалпы көлемі өткен аймен салыстырғанда 5,1% немесе 60,4 млрд теңгеге артып, 1 244,8 млрд теңгені құрады. Доллар-теңге саудасы анағұрлым жиі жасалатынына қарамастан (қаңтарда 7438 мәміле, валюта саудасының жалпы көлемінің 86,1%), KASE рубль-теңге саудасы да ай сайын өсіп келе жатқанын тіркеді.
Қаңтар айында рубль-теңге жұбы 13,8%-ға артып, аталмыш валюта сауданың жалпы көлемінің 13,3% құрады. Ал 1 рубльдің ұлттық валютаға шаққандағы бағамы 5,69-5,84 теңге айналасында болды.
«Қаңтарда рубль-теңге жұбындағы сауда көлемі ЕАЭО аясындағы жобалар мен клиенттік тапсырыстар есебінен аздап артты», - дейді Зәуре Есімова.
Сондай-ақ юань-теңге жұбындағы сауда көлемі де минималды өсімді көрсетті. Юань-теңге жұбы бойынша 47 мәміле жасалды, бұл жалпы шетелдік валюта саудасының 0,6% құрады. Қытай валютасының бағамы 50,2-51,2 теңге төңірегінде айналды.
Ал еуро-теңге жұбындағы саудалар біраз қысқарған. Қаңтар айында 21 мәміле жасалып, жалпы сауда көлемінің 0,1% құрады. 1 еуро 395-402 теңге шамасында болды.