KASE-нің Мәскеу биржасына тиесілі үлесін кім сатып алады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан қор биржасының басқарма төрайымы Алина Алдамберген Мәскеу биржасының (MOEX) санкцияға ілінуі Қазақстанның валюта нарығына қандай қатер төндіріп отырғанын айтты.

«Қазақстан қор биржасы қазақстандық өзге де компаниялар мен банктер тап келетін жағдаймен жолығып отыр деп ойлаймын. Контрагенттеріміздің бірі санкцияға түскен. Мәскеу биржасы біздің акционерлердің бірі болып есептеледі – 13,1 пайыз акцияға иелік етіп отыр. Стратегиялық серіктесіміз болып саналады – бірқатар келісімдерге қол қойылған. Бірақ соның өзінде санкцияларға байланысты Мәскеу биржасымен арадағы қарым-қатынасқа Қазақстан қор биржасы мен KASE клиринг орталығына келуі мүмкін қауіп-қатер тұрғысынан талдау жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты биржаны басқару органдары сарапшыларды шақырып, кеңесін алып, мәселені қарап жатқанын хабарлағанбыз. Біз биржаның акционерлерінің арасында санкцияға түскен тұлғаның болуы біздің халықаралық қаржы ұйымдарымен байланысымызға әсер етеді деп есептейміз», - деді ол баспасөз мәслихатында.
Дегенмен Алина Алдамберген арадағы келіссөздің мән-жайын ашып айтпады.
«Бұл жерде біз доллар-теңге, еуро-теңге, юань-теңге жұбымен шетелдік валюта саудасын ұйымдастыратын контрагент екенімізді атап өту қажет. Сәйкесінше, біз де санкция талдауынан өтіп тұрамыз. Санкцияға ілінген тұлғаның акционерлер тізімінде болуы биржаға қызмет көрсетуді тоқтату немесе жекелеген төлемдерді тоқтату тұрғысынан қатер төндіреді. Өйткені біз Қазақстанның валюта нарығындағы орталық буын болып есептелеміз. Биржада мұндайға жол беруге болмайды. Осыған байланысты Мәскеу биржасының Қазақстан қор биржасының капиталындағы үлесін тоқтату керек. Біз келіссөз жүргізіп, жоспарлап жатқанымызды айттық. Акцияларды не KASE-нің өзі, не үшінші бір тұлға Қазақтан қор биржасының мақұлдауымен сатып алуы мүмкін. Өйткені Мәскеу биржасының үлесі айтарлықтай елеулі. Қайткен күнде де Қазақстан қор биржасы елдегі капитал нарығының тұрақты жұмыс істеуіне қажетті шараның бәрін жасайды. Келіссөздердің барысы қызығушылық туғызып жатқанын түсінемін. Бірақ кез келген келіссөз құпия жүргізілетінін түсінетін шығарсыздар. Яғни, келіссөз нәтижесі кейін хабарланады немесе нақты бір әрекеттерден көресіздер», - деді Қазақстан қор биржасының басқарма төрайымы.