Қашаған дауы: ExxonMobil 5,2 млрд долларлық айыппұл бойынша келісімге қарсы шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Америкалық ExxonMobil компаниясы Қашаған кен орнына қатысты Қазақстан Үкіметі мен халықаралық консорциум арасындағы 5,2 млрд долларлық экологиялық айыппұл жөніндегі дауды реттеу туралы келісімге тосқауыл қойды. Компания Қазақстанға салынуы мүмкін 80 млрд доллар көлеміндегі жаңа инвестицияны осы даудың шешілуімен байланыстырып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі Seeking Alpha басылымына сілтеме жасап.

ExxonMobil заблокировала штраф Казахстана на $5,2 млрд за Кашаган
Фото: benzinga.com

ExxonMobil Қашаған мұнай кен орнын игеруге қатысатын серіктестерінің Қазақстан Үкіметімен экологиялық айыппұлға қатысты бітімгершілік келісім жасау туралы ұсынысын қабылдамаған.

2022 жылы Қазақстан Қашаған кен орнының операторы North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумына 2,356 трлн теңге немесе шамамен 5,2 млрд доллар көлемінде экологиялық айыппұл салған болатын.

Айыппұл күкіртті сақтау тәртібіне және қоршаған ортаны қорғау талаптарының болжамды бұзылуына байланысты салынған.

Бұл мәселе ExxonMobil мен Қазақстан Үкіметі арасындағы Қашаған кен орнында мұнай өндіру көлемін ұлғайту жөніндегі келіссөздердің негізгі тақырыптарының біріне айналған.

Ақпаратқа сәйкес, компания кен орнын одан әрі игеруге бағытталуы мүмкін 80 млрд доллар көлеміндегі жаңа инвестицияның тағдырын экологиялық даудың шешілуіне тәуелді етіп отыр.

ExxonMobil айыппұлға қатысты ұсынылған келісімге қарсы шығып, жобаға қатысушы француздық TotalEnergies компаниясын да өз ұстанымын қолдауға көндірген. Нәтижесінде екі компанияның қарсылығы келісімді тоқтатуға жеткілікті болған.

– ExxonMobil Қашаған кен орны бойынша серіктестерінің Қазақстан Үкіметімен экологиялық айыппұлға қатысты бітімгершілік келісім жасау туралы ұсынысын қабылдамады. Компания Қазақстандағы ықтимал жаңа инвестицияларды осы даудың шешілуімен байланыстырып отыр. ExxonMobil-дің қарсылығын TotalEnergies компаниясы да қолдаған. Соның нәтижесінде тараптардың келісімге келу әрекеті жүзеге аспады, – делінген жарияланған ақпаратта.

Қашаған жобасының операторы NCOC консорциумының құрамына ExxonMobil, TotalEnergies, Shell, Eni, «ҚазМұнайГаз», Inpex және China National Petroleum Corporation компаниялары кіреді.

Қазіргі уақытта консорциум Қазақстан Үкіметімен экологиялық талаптарға қатысты құқықтық дау жүргізіп жатыр.

Қазақстан тарапы күкіртті сақтау кезінде табиғатты қорғау талаптары бұзылғанын алға тартса, консорциум салынған айыппұлды халықаралық арбитражда даулауды жалғастырып келеді.

Сонымен қатар ExxonMobil Қашаған кен орнының әлі игерілмеген бөлігін игеру үшін жаңа ауқымды инвестициялар салу мүмкіндігін ұсынып отыр.

Алайда компания бұл жобаларды іске асыруды Қашаған серіктестері мен Қазақстан Үкіметі арасындағы даулардың, соның ішінде экологиялық айыппұл мәселесінің шешілуімен байланыстырады.

Осылайша, ықтимал инвестициялар келіссөздердегі маңызды факторлардың біріне айналған. ExxonMobil бір жағынан кен орнын игеруге қомақты қаражат салуға дайын екенін білдірсе, екінші жағынан экологиялық айыппұлға қатысты ұсынылған мәмілені қолдамай отыр.

Компания дауды өзі үшін қолайлы шарттармен реттеуге мүдделі екені хабарланды.

Айта кетейік, бұған дейін Кубаның ExxonMobil компаниясының 1 млрд доллардан астам мүлкін тәркілегені хабарланған болатын.