Қашаған іске қосылғаннан кейін 1,5 айдың ішінде коммерциялық өнім шығара алады - Ұ. Қарабалин
Вице-министр баспасөз мәслихатында Қашағанда мұнай өндіру жоспар бойынша 2016 жылдың соңына таман басталады деп күтілетінін атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі күні Қашағанға байланысты барлық жұмыстар осы кезең ішіне жоспарланған әрі әзірше ешқандай да өзгерістер орын алған емес.
«Мұндай Қашаған секілді ауқымды да күрделі кен орынын коммерциялық өндіруге шығару, барлық жұмыстар мен құрылғылар орнықты болып тұрса, еш қиындық тудырмайды. Бұл күніне 75 мың баррель мұнайды құрайтын жоба, сондықтан да ондағы мәселелер ай ішінде шапшаң шешімін тауып жатыр. Өткен жолы да бір жарым ай ішінде біз күніне сондай көрсеткішке қол жеткізген едік. Ал енді тәулігіне 875 мың баррельге келсек, бұның бәрі де құрылғылардың қалай жұмыс істейтініне байланысты болмақ. Дегенмен, бұндай үлкен ауқымға қолжеткізуге әбден болады», - дейді Ұ. Қарабалин.
Оның айтуына қарағанда, бүгінгі күні қайта жөнделіп, Қашаған мен "Болашаққа" орнатылған құрылғылар жоғарыда аталған межеге қол жеткізуге толық мүмкіндік береді.
Сөз арасында вице-министр ағымдағы жылы елімізде мұнай өндіру көлемі 79 млн. тоннаға дейін төмендетілгенін атап өтті. Оның айтуынша, мұнайға әлемдік бағаның төмендеуі аясында бұл соншалықты көп емес. «2016 жылы егер жағдай бұдан да нашарлай түсетін болса, мұнай өндіру бойынша болжам тағы да 77 млн. тоннаға дейін төмендетілуі мүмкін. Егер баға осы қалыпта сақталып тұрса, онда бүгінгі болжам да өзгеріссіз қалады», - деді Ұ. Қарабалин.