10:46, 12 Наурыз 2009 | GMT +5
«Қашаған» кен орнын игеру жобасында негізгі 100 мердігердің төртеуі ғана қазақстандық компания болып отыр
АЛМАТЫ. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Қашаған» кен орнын игеру жобасында бас мердігерлердің арасындағы 100 компанияның төртеуі ғана қазақстандық өндірісшілер. Қазақстанның мұнайгаз саласындағы Мердігерлер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Қайрат Әлмұхаметов кеше, Алматыда өткен баспасөз мәслихатында осылай айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Құрылыс-монтаж жұмыстарының өзі осындай болған кезде, дайын өнім өндіру бағытындағы ахуалды айтпаса да болатын шығар. Қазіргі таңда жобалық құны 136 миллиард долларды құрайтын инвестициялық бұл жобаны жүзеге асыру мерзімі кейінге қалдырылды. Сол себепті аталмыш кен орнын игеру кезінде қолданылатын тауарларды өндіретін өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік бар. Өйткені қазір бізде жүзеге асырылып жатқан аса ірі инвестициялық жобалардың басым бөлігінде отандық өндірісшілердің мүддесі ескерусіз қалып отыр. Мәселен, мұнай-газ саласындағы кен орындарындағы құрылыс-монтаж жұмыстарында қазақстандықтардың үлесі өте төмен», - дейді Қайрат Әлмұхаметов. Ал ССТ компаниясының бас директоры Нұркен Исқалиевтің айтуынша, шетелдік инвесторлар көп жағдайда халықаралық стандарттарды және онымен жұмыс істеуді білмейді, мамандардың біліктілігі сай келмейді, сондай-ақ өндіріске қажетті тауарлар Қазақстанда өндірілмейді деген сылтаумен өнім мен қызмет түрін пайдалану кезінде компанияларды сырттан әкеледі. «Халықаралық сапа менеджменті жүйесінің сертификаты бар отандық компаниялармен көбіне 100 мың долларға дейінгі шағын келісімдерді ғана жасайды. Олар халықаралық стандарттарға еш сәйкестендірілмейді, тіпті онда ҚР Азаматтық кодексінің талаптары да сақталмаған. Мәселен, тапсырыс берушіге барлық құқық берілген, ал мердігерлер одан мүлде сырт қалады. Сондай-ақ тапсырыс беруші себебін түсіндірместен мердігермен арадағы келісімді бұзу құқын иемденіп алған. Сол себепті де қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарында қарапайым металл құрастырушылардың, дәнекерлеушілердің басым бөлігін шетелдіктер құрап отыр. Аса үлкен ғылымды қажет етпейтін мұндай мамандар өзімізде де жеткілікті емес пе», - дейді Нұркен Исқалиев. Оның пайымдауынша, үкімет дағдарыс жағдайында өз мүмкіндігін пайдаланып, аса ірі жобаларда отандық өндірісшілердің үлесін көбейтуде жүйелі және нақты жұмыстармен айналысуы керек. Қазір атқарылып жатқан іс-шаралар жеткіліксіз. Егер бұл жұмыс өз деңгейінде жүргізілсе, құрылыс нарығындағы жұмыссыздарды мұнайгаз саласында орналастыруға мүмкіндік туады.