Қашаған кенішінің базасында 2 газ өңдейтін зауыт ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында газ өндіріу көлемі қалай артатынын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қашаған кенішінің базасында 2 газ өңдейтін зауыт ашылады

«Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай тауарлық газ өндірісінің көлемін 30 млрд текше метрге дейін жеткізу міндетін қойды.

Қашаған кен орнында қуаты 1,1 млрд текше метр және 2 млрд текше метр ілеспе газ өңдейтін 2 зауыт іске қосылады.

2023 жылы «Жайықмұнай» газ өңдеу зауытында Қарашығанақ газын өңдеу бойынша шешім қабылданады. Бұл газ өңдеуді 4 млрд текше метрге ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді министр.

Оның айтуынша, 2029 жылға қарай Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаты 9 млн тоннаға дейін артуға тиіс.

«Бұл қайта өңдеу көлемін жылына 21 млн тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді. Экспорт бағыттарын әртараптандыру жөніндегі тапсырма шеңберінде мұнай экспортының баламалы бағыттарын дамыту жөніндегі жол картасының жобасы әзірленді.

Осылайша, Әзербайжан, Грузия және Түркия порттары бағытында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға, сондай-ақ Қытай Халық Республикасы мен Иранға экспорттық бағыттарға баса назар аударылады», - деді Болат Ақшолақов.