Қашаған операторының серверлері мен компьютерлеріне вирус тарады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Кибершабуыл Атырау облысында Каспий теңізіндегі Қашаған кен орнын игерумен айналысатын NCOC компаниясының серверлері мен компьютерлерінің 10-20 пайызына әсер етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қашаған операторының серверлері мен компьютерлеріне вирус тарады

«Вирус кеңседегі серверіміз бен осындағы компьютерлеріміздің 10-20 пайыз көлеміне тарады. Серверлердің резервті көшірмелері бар, дегенмен, жекелеген компьютерлердегі мәліметтердің жойылып кету қаупі бар. Келген зардап айтарлықтай немесе қауіпті емес, бірақ бізге жүйелерімізді жіті тазалап, тексеріп шығу қажет. Бұған уақыт керек болады. Қалпына келтіру процесс үстінде. Консорциум бойынша серіктестерімізден қосымша көмектер алып жатырмыз. Қалпына келтіру жұмыстары нақты қашан аяқталатынын айта алмаймыз. NCOC кеңселері 15 мамыр күні жұмыс істейтін болады. Бірақ жүйелеріміз толығымен қалпына келгенше жекелеген шектеулер енгізіледі», - делінген NCOC компаниясы баспасөз қызметінің ҚазАқпарат тілшісінің кибершабуылдан келген зардаптың көлемі жөніндегі сұрағына берген жауабында.

Еске салайық, NCOC-тың ақпараттық қауіпсіздік жүйесі 12 мамыр күні сағат шамамен 18.00-де компанияның серверлеріне вирустық шабуылды  тіркеді. Алдын алу шарасы ретінде интернет пен корпоративті поштаға қолжетімдік уақытша тоқтатылды. Кибершабуыл Қашаған нысандарының жұмысына кедергі келтірген жоқ , өндіріс штаттық режімде жалғасуда.