Қашағанда 2020 жылға қарай мұнай өндіру 13 млн. тоннаға жетеді - М.Мырзағалиев
«Қашағанды мұнай желісін ауыстыру жұмыстары кестеден біршама ілгері жүргізілуде. Біз 2016 жылдың соңына қарай мұнайды коммерциялық өндіру жанданады деп күтіп отырмыз. Ал 2020 жылға қарай мұнай өндіру 13 млн. тоннаға жетеді» деді ол. Сонымен қатар вице-министр «Қарашығанақ» кен орнын жобалау аяқталуға жақын қалғанын атап өтіп, болашақта кеңейту жобасын жүзеге асыруға көшу туралы инвестициялық шешім 2018 жылы қабылдануы мүмкін екендігін айтты.
«Бұл ұзақмерзімді келешекте мұнай өндірудің қол жеткізген деңгейін сақтауға, сонымен бірге қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», - деді М.Мырзағалиев.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, мұнай өндіру саласында Теңізшевройлды болашақта кеңейту жобасын қаржыландыру мәселесі бойынша нақты шешімді серіктестер қабылдайды деп күтілуде. Шешім қабылданған жағдайда аталған компания мұнай өндіруді жылына 26 миллионнан 38 миллион тоннаға дейін жекізеін болады. Бұған қоса, құрылыс барысында шамамен 20 мың жұмыс орны құрылады.
«Энергетикалық сала алдында тұрған тағы бір міндет геологиялық барлауға инвестиция тарту болып отыр. «Еуразия» жобасына әлеуетті инвесторлар үшін жеңілдіктер мен преференциялар тізілімі мақұлданды. Бірқатар жетекші халықаралық компаниялармен қазіргі уақытта геологиялық-геофизикалық жұмыстарды қаржыландыруға және жобаларға қатыстыруға тарту келіссөздері басталды», - деді М.Мырзағалиев.