Қашағанда мұнай мен газ өндіру қайта басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Қашаған кен орнында мұнай мен газ өндіру қайта басталды. Бұл туралы Энергетика министрлігінен мәлім етті.
«Кеше Қашаған кен орнында күрделі жөндеу аяқталып, мұнай мен газ өндіру қайта басталды», — деп атап өтті Энергетика министрлігінен.
Ведомство өкілдері өндірістің толық қуатта іске қосылмағанын, ал 1 қарашадан бастап толық қуатқа шығу жоспарланып отырғанын нақтылады.
NCOC компаниясы 7 қазанда «Қашаған» кен орнының теңіздегі және құрлықтағы нысандарында жоспарланған техникалық қызмет көрсету жұмыстары басталғанын хабарлаған еді.
«Қашаған» кен орны соңғы ондаған жыл ішінде ашылған ең ірі мұнай кен орындарының бірі болып саналады. Кен орнының өндірілетін қоры 9-13 млрд баррель мұнай аралығында деп бағаланып отыр. «Қашаған» кен орнынан коммерциялық мұнай өндіру 2016 жылдан бері жүргізіліп келеді.