Қашағанда шикі газ өңдеу зауытының құрылысы басталады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл Қашағанда шикі газ өңдеу зауытының құрылысы басталады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Президенттің тапсырмасына сәйкес осы жылы Қашаған кен орнының шикізат базасында құны 860 млн доллар тұратын, қуаты 1 млрд текше метр шикі газ өңдеу зауытының құрылысын бастау жоспарлануда. Жобаны табысты іске асыру үшін мемлекет бірқатар мәселелерді пысықтады. Атап айтқанда, жоба шикізатпен, инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, жобаны қаржыландыру мәселесі пысықталды», - деді Нұрлан Ноғаев.
Министр Мемлекет басшысының газ нарығын реттеудің жаңа тәсілдерін әзірлеу, ресурстық базаны ұлғайту жөнінде шаралар қабылдау бойынша тапсырмасын іске асыру мақсатында Газ саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарының жобасы әзірленіп жатқанын да айтқан еді.