Қашағанда жұмыстар бекітілген кестеге сай жүріп жатыр - С. Мыңбаев

«Қашаған бойынша жұмыстар кестеге сәйкес жүріп жатыр. Атап айтқанда, құбырларды дәнекерлеу жұмыстары бойынша кейбір қиындықтар болды. Бұрынғыша осы үлкен жобана іске қосу биылғы қазанға бегіленіп отыр»,-деді С. Мыңбаев.
Дегенмен де ол коммерциялық өндіру деңгейіне жоба қай мезгілде шығатынын нақты айтпады.
«Коммерциялық өндіруге жету өлшемі тәулігіне 75 мың баррельді қамтиды. Кез келген жаңа өндіріс қандай қарқынмен өндіруді еңсеретіндігі оңай жұмыс емес. Осы орайда, Қашаған қараша-желтоқсан кезеңінде қандай үлесін қосатындығын айту қиындау. Алайда, жоспарлаған өндіру көлемін біз ескеріп отырмыз»,-деп тоқталды С. Мыңбаев.
Бұдан бұрын Қашаған іске қосылғаннан кейін 1,5 айдың ішінде коммерциялық өнім шығара алатыны айтылған болатын.
Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылдың қарашасында Атырауда «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В. («НКОК») компаниясы Қашаған теңіз кенішінде құбырларды ауыстыру жобасын әзірлеу туралы хабарлады, соның себебінен мұнай өндіру тоқтатылған болатын.
Жоба теңіз кенішінің D аралынан өндірілген өнімдерді «Болашақ» мұнай және газ кешенді әзірлеу қондырғысына тасымалдауға арналған күкіртті мұнай құбыры мен күкіртті газ құбырын ауыстыру жұмыстарын қамтиды.
2013 жылы күзде басталған Қашаған кенішінен мұнай өндіру теңізден құрлыққа тартылған 93 шақырымдық құбырдың жарылуы салдарынан тоқтатылған болатын. Соңғы ақпараттарға сүйенсек, «Болашақ» зауытынан «D» аралына (кен орны - авт.) дейінгі құбырларды ауыстыру жұмыстары 2016 жылдың екінші жартысында аяқталуы тиіс.