Қашағандағы ұңғымалар 10 күннен кейін ашылады - Қанат Бозымбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қашағандағы екі үлкен зауыт тексеруден өтті. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті.

 Қашағандағы ұңғымалар 10 күннен кейін ашылады - Қанат Бозымбаев

«Қашаған ең үлкен кен орнының бірі екені белгілі. Сондықтан оны іске қосу маңызды мәселе деп білемін. Бүгінде кен орнының іске қосылуы тақырыбы төңірегінде интернет желісінде және өзге алаңдарда мамандар мен сарапшылар қызу талқылап жатыр. Атап айтқанда, 10 күннен кейін ұңғымаларды ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Алайда, ұңғымаларды ашсақ та, Қашаған іске қосылды деп толықтай айтуға болмайды. Өйткені, кен орнында тек ұңғымалар ғана емес, сонымен қатар екі үлкен зауыт бар. Біреуі мұнайды тазалайды, ал екіншісі - газды тазартудан өткізеді. Сол зауыттар 7-8 жыл бұрын салынған болатын, осы ретте мердігерлер бұл нысандарды тексеріп шықты»,-деді министр.

Қ. Бозымбаевтың сөзіне қарағанда, 10 күннен кейін ұңғымалар ашылады, содан кейін 4 апта бойы екі зауыт мұнай мен газды тазалайды.

«Сол уақытта зауыттардың жұмысын қадағалаймыз. Осы ретте таза мұнай мен құрғақ газ тиісті көлемде шыққаннан соң, Қашағанды іске қостық деп айтуға болады. Сондықтан бір жарым айдан кейін, яғни қазанның аяғы мен қарашаның басында іске қосылады деп жоспарлап отырмыз»,-деп түйіндеді сөзін Энергетика министрі.