Қашағанды игеруге кететін шығын 200 млрд. доллардан асып жығылуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қашағанды игеруге кететін шығын 200 млрд. доллардан асып жығылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин мәлім етті.

Қашағанды игеруге кететін шығын 200 млрд. доллардан асып жығылуы мүмкін

Министрдің атап өтуінше, Қашаған жобасына Шелл, Тоталь, ЭксонМобил, Инпекс, ҚазМұнайГаз компаниялары қатысушы болып табылады. Өткен жылы КонокоФилипстің орнына қытайлық CNPC компаниясы қосылған болатын. «Бұл жоба қорының көлемі 2 млрд. тоннадан астам. Сонымен қатар, өзінің технологиялық қиындықтары бойынша бірегей екендігін атап өткім келеді. Әлемдік мұнай қоғамдастығында біздің Қашағанды тек Бразилиядағы Тупи деген кен орнымен салыстырады. Оның қоры біздікіне жақын. Мамандардың пікірі бойынша ол шамамен екі жүз млрд. доллар шығынды қажет етеді. Ал кейбір болжамдарда Қашағанда одан да мол болатындығы айтылуда. Сол себепті Қашанған жобасын іске асыру үшін өз кезінде жетекші әлемдік мұнай компаниялары тартылған болатын», - деді ол.