Қашағаннан тәулігіне 200 мың баррель мұнай өндірілетін мерзім белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Қазақстан ОПЕК-тің мұнай өндіру көлемін тағы 6 айға шектеу ұсынысын талқылауда. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметіндегі баспасөз мәслихатында еліміздің Энергетика министрі  Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Өткен аптада Қазақстанға Сауд Арабиясының Энергетика министрі келіп кетті. Біраз мәселені талқыладық. Талқылау барысында Сауд Арабиясының Энергетика министрі ұсыныс (мұнай өндіру көлемін азайту) жасады. Алдағы уақытта ОПЕК-ке мүше және онымен келісімге келген мемлекеттердің келісімшарты бітеді. Сондықтан олар оны тағы жарты жылға немесе 9 айға ұзартуды ұсынып отыр. Біз бұл мәселені қарастыратындығымызды, егер жаңа келісімшартқа кірсек немесе оның мерзімін ұзартатын іс-шаралар жасасақ ол тек ОПЕК-пен талқылаудың  нәтижесінде болатындығын айттық», - деді Бозымбаев БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Қазақстан тәулігіне 1 млн 700 мың баррель мұнай өндіруге қауқарлы. Дегенмен, ОПЕК-пен арадағы келісімге сәйкес күніне 20 мың баррель мұнайды кем өндіріп отыр.

«Біз алдағы екі айдың ішінде сол міндеттемемізді орындаймыз. Бірақ, екінші жартыжылдықта Қашағанда мұнай өндіру көлемі  артатын болады. Өздеріңіз де білетіндей, Қашағанның тәуліктік мұнай өндіру көлемі 140-150 мың баррель  болып отыр. Ал екінші жартыжылдықта күнделікті 200 мыңнан астам баррель мұнай өндіріледі»,-  деді ол.

Бұл ретте министр қазіргі күні мұнай бағасының төмендеп отырғанын, бүгін таңертең баррель 48,5 доллар болғанын атап өтті.

«Бұл мәселені талқылаймыз. Бірақ олардың келісіміне қандай шартпен қосылатындығымыз, қандай көлемді шектейтіндігіміз белгісіз. Осы мәселені талқылау үшін министрліктен мен немесе менің орынбасарларым 24-25 мамырда Венаға барады», - деді Бозымбаев.  

Соңғы жаңалықтар