12:26, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
Қашғарияда қант диабетін емдеудің жалған дәрілері тәркіленді
БЕЙЖІҢ. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Талғат Баймұхамбетов/ - Қаңтардың 19-ынан бері Қытайдың Шынжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесіндегі Қашғар округіндегі дәріханалардан қант диабетін емдеуге арналған жалған капсулалардың 8536 қорапшасы тәркіленді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап. Қаңтардың 17-сі мен 19-ында Қашғар округінің екі тұрғыны Қытай мен Вьетнамның шекарасына жақын жердегі Гуаньси-Чжуан автономиялық ауданындағы «Пиннань» фармацевтикалық фабрикасы шығарған деген белгісі бар дәріні ішіп, қайтыс болғаннан кейін жергілікті өкімет дабыл соққан болатын. Бұл оқиғалардан кейін де ауруханаларға осы жалған дәрілерді ішіп, жағдайлары нашарлаған 9 адам түскен, олардың төртеуі қазір стационарлық ем қабылдап жатыр. Жүргізілген тексерулер барысында, «Пиннань» фабрикасының маркасымен сатылып келген дәрілердің жалған екендігі анықталған. Бұл дәрілерді сатуға қатысы бар деген күдіктілер қаңтардың 24-інде ұсталды. Қашғардың құқық қорғау органдары қазір осы дәрілердің шығатын жері мен таратылатын арналарын анықтауда.