Қашқар - әлемдегі ең көне шаһар - фоторепортаж
ҚАШҚАР. KAZINFORM - Қашқар – әлемдегі ең танымал көне шаһардың бірі. Екі мың жылдық тарихы бар қала Ұлы Жібек Жолының бойында Шыңжаң - Ұйғыр автономиясында орналасқан.


Ғалым, этнограф, фольклоршы, саяхатшы және ағартушы Шоқан Уәлихановтың табаны тиген өлкеде Kazinform тілшісі де болып қайтты.
Қашқар – Қытайдың батысында, Памир тауының етегінде орналасқан. Шаһар екіге бөлінген: қазіргі және көне.Ол ұйғыр халқының ежелгі мекені. Оған мына екі мың жылдық тарихы бар көне қала дәлел.

Үлкен қақпадан кіре салысымен басқа әлемге тап болғандай күй кешесің. Көне ғимараттар, тар көше, қызып жатқан сауда, театрландырылған көрініс, көш керуені, ән мен күйге бөленген аспан. Осының бәрі ертегілер әлеміне ұқсайды.
Мұндағы ерекше атмосфераны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Көне қалаға күніне бір мың саяхатшы кіріп шығады. Мұндағы туристердің басым бөлігі ішкі Қытайдан.

Бұл жерден заманауи қонақ үй кездестірмедік. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, туристерді өз үйлерінде күтіп, қондырады екен.

«Өздеріңіз көріп тұрғандай баспанамыз өте көне. Ағаштан соғылған үйіміз ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалған құнды және баға жетпес дүние деп санаймын. Жыл он екі ай үйімізден қонақ үзілмейді. Саяхаттап келгендерге ас-суымызды ұсынып, қонақжайлық танытамыз. Мұнда ешқандай бес жұлдызды қонақ үй жоқ. Бірнеше күнге келгендерге орын табылады. Негізінен туристердің көпшілігі ішкі Қытайдан келеді. Күні бойы аралап, кейін жаңа аудандағы қонақүйлерге кетеді. Қазір елде визасыз режим енгізілді. Өзге мемлекеттерден де саяхатшылар келе бастады»,-дейді Мухиче Мұхамедқызы.

Тарихы тереңде көне Қашқардың ашылмаған сырлары мен құпиясы әлі де бар екенін мына ерекше сәулетті ғимараттардан-ақ аңғаруға болады.
Айта кетейік, бұл өлкеге қазақтың ұлы ғалымы, этнограф, фольклоршы, саяхатшы және ағартушы Шоқан Уәлихановтың табаны тиген.


