«Қашқын «қаламгерлердің» қарымды тұлғасы» - БАҚ-қа шолу
АСТАНА. 19 маусым. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 19 маусым, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Қай салада да әркез әлемді тамсандырып, талғам тұрғысынан талайды таңғалдырған Астана енді жаһан мәдениетінің мәйегі саналған опера өнерінің де алтын ордасына айналмақ. Ондай биік өнердің ошағы санаулы күндерден соң салтанатты түрде ашылатын «Астана Опера» театры болмақ. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Төрткүл дүниені тамсандырар театр» деген тақырыптағы мақалада баян етілген. Басылымның атап өтуінше, кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Астана Опера» театрының жай-күйі, ашылу салтанатына дайындығы, жалпы, өзекті мәселелері талқыланды. Қазақ мәдениетінің бірегей белесі, бұл салада бағындырған биігінің бір өлшемі болғалы отырған өнер ордасы жайында отырыста Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед баяндады. «Мәдениет және ақпарат министрі баяндамасының қорытындысында шешімін күткен өзекті мәселелерге де тоқталып өтті. Алдымен театрдың өз деңгейінде, әлемдік стандартқа сай жұмыс істеуіне қажетті қаражат мәселесі өзекті дейді ол. Министрдің айтуынша, келесі жылдан бастап театр жыл сайын көрермен назарына 2 опера, 2 балет жаңалап ұсынып отырмақ. Жаңалап деуіміздің мәнісі, бұрын репертуарда бар қырыққа жуық қойылымды енді жаңа сахнаға, жаңа стандартқа, биік деңгейдегі, жоғары талғамға сай етіп, қайта жандандырмақ», - деп жазады басылым.
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында еліміздің қашқын шенеунігі, Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов жайындағы мақала «Қашқын «қаламгерлердің» қарымды тұлғасы» деген тақырыппен берілген. «Қазақстандық шенеуніктер мен олигархтар қарап жүрмей, қылмысқа ұрынып, аяқтарын былыққа батырып алғаннан кейін дереу шетел асып кетуді бүгінде әбден дағдыға айналдырып алған. Бір ғажабы, солардың барлығы да жатжұрттықтардың арасына барып жайғасып алған соң, бұрын елде жүргенде бастарына да келмеген тірлікке тірек тастап, аяқ астынан демократия үшін күрескер һәм либералдық құндылықтарды қорғаушы болып шыға келеді. Тағы бір ғажабы, солардың бәрі де өздері ендігі қонысы етіп алған дәулеттің дәуреніне қарай жүгініп, барынша солардың тілімен сөйлеуге ұмтылып бағады», - деп жазады басылым.
***
Үкімет пен Ұлттық банктің жаңа зейнетақы заңнамасын Парламент қабырғасында қорғауы кезінде қоғамда туындаған қызу пікірталастарға да қарамастан, екі палатаның қолдауына ие болып, Елбасыға қол қоюға жіберілген-ді. Артынан Президент Нұрсұлтан Назарбаев аталған заңдық құжатқа байланысты арнайы Үндеу жариялап, жағдайға түсінік берді. Осы ретте «Айқын» газеті пікірін білмек ниетпен кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайыновты әңгімеге тартқан. Басылымның сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Әрине, Елбасының мәселені жан-жақты сараптап, дұрыс шешім қабылдағаны күмәнсіз. Өйткені Президентке тек бізден ғана емес, тұрғындардан, сарапшылар мен ғалымдардан ақпараттар жан-жақтан келіп түсіп жатады. Соның барлығын ескере келіп, әйел азаматтарымыздың зейнет жасын көтеруді 2014 жылдың 1 қаңтарынан емес, төрт жылға кейін шегеруді ұсынды. Нұрсұлтан Назарбаев қоғамның бұған дайындығы жоқтығын қаперге ала отырып, осындай шешімге барды. Үкіметке 2030 жылға дейін зейнеткерлікпен қамтамасыз ету жүйесін одан әрі жетілдіруге арнайы тапсырма бергені сондықтан деп ойлаймын.Себебі алда төрт жыл бар», - дейді. Сұхбат «Кәсіподақтар Елбасы үндеуін қолдайды» деген тақырыппен берілген.
Алматыдағы Қазақстан баспасөз клубында БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында «СұлуНұр» корпорациясының төрағасы Сағадат Әбдіғапар мырза өзі басқарып отырған корпорацияға қатысты сот шешімінің әділетсіздігіне күйіп жүргенін ашына жеткізді. Бұл жайында «Айқын» газетінің сәрсенбілік санындағы «Кәсіпкерді қыспаққа алған кім?» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. Кәсіпорын иесінің айтуынша, «СұлуНұр» фирмасы әлемдегі ең арзан әрі денсаулыққа ешқандай зияны жоқ және электр қуатын әлдеқайда аз жұмсайтын жарық диодты лампалар мен шамдарды шығарады. Өнімдері де нарықта мол сұранысқа ие. Дегенмен соңғы үш жыл бойы кәсіпорын басшысы әділдік іздеп шарқ ұрып жүр. «Өйткені «СұлуНұр» сапа белгісімен жарық диодты шамдардың отандық инновациялық, сертификатталған өнімін шығаратын «АККА Тес» ЖШС 2010 жылдан бастап рейдерлік жолмен басып алу мақсатындағы алаяқтыққа тап болдық. БАҚ беттерінде аты шыққан «Гальянос» ойын-сауық клубының иелері «Le Vendom» қонақүйі кешені (ЖШС) серіктестігі түріндегі рейдерлер өз мақсаттарына жету үшін жал-ған құжаттар бойынша астыртын әрекеттермен және алдау жолымен құны 10 миллион АҚШ доллары тұратын инновациялық кәсіпорынды өте арзан бағаға иеленіп алды», - дейді С.Әбдіғапар.