«Қашқынға Лондон да пана бола алмады» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 13 сәуір, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Қашқынға Лондон да пана бола алмады» - баспасөзге шолу

***

«Атың шықпаса жер өрте» дегеннің керімен біздің қашқын олигархтарымыз Қазақстанды қойып, бүкіл әлемді «ала тайдай» шулатып жүр. Қазақстанның құны сұраусыз миллиардтаған қаржысын Австрияға құйған қанышер қылмыскер Рахат Әлиев бүкіл Еуропаға сыймай аралдарға қашса, Алматы қаласының бюджетінен тонаған миллиондарын шетел асырып, Швейцарияның ең бай кәсіпкері атанған алаяқ Виктор Храпунов Қазақстанды қаралап, «ұпай» жинап жүр. Ал БТА банктің миллиардтарын талан-таражға салған Мұхтар Әбіләзов бүкіл Британияны шулатып, ақыры Лондоннан да пана таба алмай, қашып шығыпты. «Қара қылды қақ жарған» Англияның Жоғарғы соты қазақстандық қашқын қаржыгерге қатысты арам ақша жинаған алаяқ деген үкім кесті. Қашқын қаржыгер жайында толығырақ «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Қашқынға Лондон да пана бола алмады» деген тақырыптағы мақаладан біле аласыздар.

«Өмір жолы қилы-қилы болған соң бәрі ойлағандай болмауы белгілі. Мәселен, жұмыс берушілер мен жұмыс істеушілер арасында бірде басылып, бірде өршіп тұратын еңбек даулары адамзат қоғамындағы ескі қайшылықтардың ең үлкені әрі күрделісі болып келеді. Оның толқыны бізді де айналып өтпей, жиілеп соғуы жасырарлық жай емес», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Еңбек даулары ушықтырылмаса игі...» деген тақырыптағы мақаласында. Жарияланым авторының жазуынша, сегіз айдан бері «Арселор Митталдың» 200-ден аса кеншінің регрестік төлемге қолы жетпей жүр. Бұған жұмыс беруші мен «Альянс Полис» сақтандыру қомпаниясы арасында жасалған келісімшарттың орындалмауы кері әсерін тигізуде. Сақтандырушылар «Арселор Миттал Теміртаудың» өндірістік жарақаттар, кәсіптік аурулар, еңбекке жарамсыздық себептері жайлы мәліметтер көрсеткішін үнемі шегеріп беретіндігін айыптаса, ал ол ақталумен әлек. Сөйтіп, осынау дау-дамай салқыны қатардағы еңбеккерлерді екі оттың ортасында қалдырып келеді.

***

Мұндай да сұмдық болады! өлген адамға өкініш білдіру орнына, қуанғандарды көріп пе едіңіз? Көрмесеңіз де естігеніңіз анық. Ирак жұрты Саддам Хусейнді не істемеді? Осындай имансыздық Араб елдеріндегі төңкеріс барысында көрініс берді. ең соңғысы күні кеше Ұлыбританияда ондаған адам Маргарет Тэтчердің қайтыс болғанына қуанып көшеге шықты. Бұл жағымсыз жаңалық «Айқын» газетіндегі «Өлгендер өкпелемейді...» деген тақырыпқа арқау болған. «Полиция бұрынғы премьер-министрдің өлімін тойлағандарға амалсыздан күш қолданды. Девон графтығына қарасты Брикстон ауданында өткен шерушілердің қолында «Маргарет Тэтчер қайтыс болды. Алақай!» деген ұран болған. Осындай «қуанышқа ортақтасқан» акциялар Шотландияда да ұйымдастырылып, Глазгода жүздеген адам ақбұрқақ атып, әуе шарларын ұшырды», - деп жазады басылым.

***

«Біздерге басқа ғаламшарларда колония салу керек». «Экспресс-К» газетінде дәл осы тақырыппен жарық көрген мақалада Айдын Айымбетовтің тың идеялары кеңінен баяндалады. Оны үшінші ғарышкер деп атайды. Алайда, өкінішке орай ол көк кеңістігін бағындыра алған жоқ. Оның жұлдыздарға жоспарланған сапарына дағдарыс уақытында қаржы шығаруды артық көрген шенеуніктер тосқауыл болды. Ал ендігі уақытта көкке самғау Айдын үшін тек арманға айналғандай. Бірақ Айымбетов ұнжырғасын түсірген емес. Ол өзі ұшпаса да алдағы уақытта Қазақстан ғарышкерлері көк әлемді бағындыратындығына сенімді.

***

«Время» газетінің жазуынша, 10 жастағы қызды өлім ауызынан алып қала алмаған маңғыстаулық дәрігерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. «Санжан Қосақбаева орын алған жайтқа әлі де сене алар емес. сол бір күні қорқынышты түстей еске алады. Қызы сабақтан соң үйге оралды. Кешке қарай оның жүрегі айный бастады. Мектептегі үзіліс кезінде оның чипсы жегені белгілі болды. Әрбір минут сайын қыздарының халі нашарлай берді», - деп жазады басылым. Газеттің жазуына қарағанда, осыдан кейін анасы жедел жәрдем шақырып, қызын облыстық балалар ауруханасына жеткізген. Бірақ дәрігерлер қызды ауруханаға қабылдаудан бас тартқан. Тек қыздың халі тым нашарлағанда ғана палатаға жатқызған.