Қашықтан оқу: Мемлекеттік аудит СҚО-да 177 ноутбукты таппай қалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік аудит өкілдері Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында қашықтан білім беру үшін сатып алынған 177 ноутбукты таппай қалды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қашықтан оқу: Мемлекеттік аудит СҚО-да 177 ноутбукты таппай қалды

Мәлім етілгендей, министрліктің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 6 объектіде жүргізілген аудитті аяқтады.

«Айыртау ауданы әкімдігінің білім бөлімінде аудандық мектеп оқушыларын қашықтан оқытуға республикалық бюджет есебінен жалпы сомасы 28 млн теңгеге сатып алынған 177 ноутбуктың жетіспейтіні анықталды. Тапшылықтың себебі – негізгі құралдардың сақталуы мен дұрыс пайдаланылуын нашар бақылау. Аудит материалдары құқық қорғау органдарына берілді», - деді ведомстводан.

Жалпы, 6 нысанда жүргізілген аудиторлық іс-шаралар барысында 80 268,7 миллион теңге сомасын құрайтын бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 39 119,6 миллион теңге, процессуалдық бұзушылықтар – 41 149,1 миллион теңге.

«4 объектіде бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік жалпы заңнама талаптарына сәйкес келеді. Ал 2 объектіде елеулі бұзушылықтармен жүргізіліп келген.

Қаржылық есептіліктің аудиті қаржылық есептіліктің сенімділігін, дұрыстығын, бухгалтерлік есеп пен қаржылық жағдайын бағалау мақсатында жүргізілді», - деді министрліктен.