Қашықтан оқыту кезінде түрлі цифрлық ресурстарды пайдаланған жөн - алматылық ұстаз

- Қашықтан оқытудың пайдасы мен зияны туралы айтып беріңізші?
- Қашықтан оқыту – заман талабы. Еліміздегі эпидимиологиялық ахуалға байланысты білім берудің бірден- бір шешімі қашықтан оқыту болып табылады. Ұлт болашағы үшін бірінші орынға оқушылар мен ұстаздардың денсаулығын қойған жөн. Осы ретте бұл оң шешім.
Қашықтан оқу кезінде оқушылар үйден шықпай интернет желісіне қосылған компьютер немесе смартфон арқылы-ақ білім алуға мүмкіндіктері бар. Ал, бұл мәселенің екінші жағы бар. Оқушылар мектеп қабырғасында білім алғанда, сабақ басында және соңында соғылатын «қоңырау» үнін естиді. Бұл оқушыға сабақтың басталғанын немесе аяқталғанын білдіріп сигнал береді. Ал, үй жағдайында барлық оқушы өз бөлмесін «оқу орны» деп қабылдай бермейді.
Қашықтан оқытудың тағы бір пайдасы, қабылдау қабілеті баяу дамыған оқушылар мұғалімнің видео- лекцияларын бірнеше рет қайталап көріп, тыңдау арқылы қиын тақырыптарды өз бетінше игере алу мүмкіндігі жоғары. Әрине, білім беру процесінде мұғалім мен оқушының арасындағы тікелей «тірі» қарым- қатынас өте маңызды.
- Онлайн формат оқушылардың білімін төмендетіп жібермей ме?
- Онлайн форматында оқу интернетке тікелей тәуелді. Осы орайда, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мемлекет қамқорлық жасап, оқушының толыққанды білім алуына жағдай жасап отырғаны құптарлық іс.
Оқушыларды онлайн форматта оқыту мұғалімнен аса үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі, бұрын мұндай әдіс- тәсілге мұғалімде, оқушы да арнайы дайындықтан өтіп бейімделген емес. Онлайн форматта оқу кезінде әр оқушы өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен орындап, сабаққа әр оқушы өз уақытымен қатысып отырса білім деңгейі төмендемейді деп ойлаймын.
- Қашықтан оқудың оқушылар үшін қандай оң әсері болды деп ойлайсыз?
- Қашықтан оқытудың оқушылар үшін бірден- бір оң әсері бала көп уақытын ата- анасының және жақындарының жанында өткізеді, қалаған уақытында білім ала алады. Сабаққа керек материалдарды өзі ізденіп табуына мүмкіндігі мол. Оқушының өз бетімен білім алу қабілеті арта түседі деп ойлаймын. Ең бастысы, денсаулығы үшін қауіпсіз аймақта білім алады.
- Қашықтан оқытуда қай платформаны таңдаған дұрыс?
- Қазіргі таңда білім алу платформалары өте көп. Қандай платформа болмасын мұғалімді алмастыра алмайтыны анық. Дегенмен, мұғалім платформаны дұрыс таңдап, өз сабағында ұтымды пайдаланса, білім беру сапасы жоғарылайды. Қашықтан оқыту кезінде оқушыларды тек кітап, қалам арқылы оқуға қызығушылығын ояту қиын. Сабақ кезінде түрлі цифрлық ресурстарды, платформаларды пайдаланған жөн. Мен өз тәжірибемде «Онлайнмектеп» , «Classtime», «Edpuzlle» қосымшаларын пайдаланамын. Бұл қосымшалар мұғалім мен оқушы арасындағы кері байланыс үдерісін тездетеді. Мұғалімге сынып оқушыларының үлгерімін қадағалауға таптырмас көмекші құрал. Ал, оқушылар үшін өз оқу жетістіктеріне өздері бақылау жасап, даму бағыттарын анықтауға көмектеседі. Бұл платформалар мұғалімдерден қосымша шығармашылық ізденісті талап етеді.
- Мұғалімдерді алдын ала дайындау және ұйымдастыру шаралары жүргізілді ме?
- Қашықтан оқыту басталғанда мен жұмыс атқаратын «№ 79 гимназияда» мектеп әкімшілігінің ұйымдастыруымен мұғалімдерге қашықтан оқыту курстары, семинарлар жүргізілді. Ал, 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап Алматы әкімшілігі және «EdCrunch» академиясының ұйымдастыруымен «Дижитал ұстаз Алматы» жобасы ұйымдастырылды.
Жоба аясында ZOOM арқылы білім беру вебинарлары жүргізілді (жазбаларын You Tube желісінде қайталап көру мүмкіндігі болды) және әлеуметтік желілерде білікті мұғалімдер қызықты және пайдалы ақпараттармен бөлісті. Бұл жобаға педагогика саласында қызмет атқаратын кез- келген мұғалімнің қатысу мүмкіндігі болды. Жобаның соңғы кезеңінде жүзден жүйрік шыққан отыз мұғалімді іріктеп, цифрлық педагогиканың қыр- сырымен таныстырып, шеберліктерін шыңдауға көмектесті. Бұл жоба қаламызда цифрлық педагогиканың дамуына үлкен серпін берді.
- Сұхбатыңызға рахмет!