Қашықтан жұмыс істеу кезінде қызметкерлерге жағдай жасалады – заң жобасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне қашықтықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Сенат депутаттары әзірледі.

«2020 жылы Қазақстан аумағында COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуы қызметкерлердің орта есеппен жетпіс пайызын қашықтан жұмыс істеуге ауыстырып, жұмыс режимінің өзгеруіне әкелді», - деді Мәжіліс депутаты Жанат Омарбекова.

Оның айтуынша, елде қашықтан жұмыс істеуді ұйымдастырудың қалыптасқан тәжірибесі пандемия кезеңіндегі еңбек саласындағы нақты процестер мен еңбек заңнамасы арасындағы алшақтықты көрсетті.

Анықталған олқылықтарды ескере отырып, депутаттар бірқатар ұсыныс жасады.

«Бұл ұсыныстар тараптардың келісуі бойынша қашықтан және қашықтан аралас жұмыс істеу ұғымдарын енгізу жөнінде. Аралас жұмыс істеу жұмыс кезеңдерін жұмыс беруші орналасқан жерде де, одан тыс жерде де кезектестіруге мүмкіндік береді. Қашықтан жұмыс істеуге ауысқан қызметкерлердің тап болған өткір мәселелерінің бірі – коммуникация құралдарымен, компьютерлермен және басқа да құралдармен қамтамасыз ету болды. Осыған байланысты заң жобасында норма көзделді, оған сәйкес төтенше жағдайды енгізу, төтенше жағдайды жариялау және шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезеңінде уақытша қашықтан жұмыс істеу кезінде жұмыскерлерді коммуникация құралдарымен қамтамасыз ету әрі шығыстарды өтеу қажеттілігі жұмыс берушінің актісінде айқындалады», - деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, егер жұмыскер өзінің коммуникация құралдарын тұрақты негізде пайдаланатын болса, жұмыс беруші өтемақы төлей алады, оның мөлшері, төлеу тәртібі мен мерзімдері тараптардың келісуі бойынша белгіленеді.


Соңғы жаңалықтар