«Кәсіби армия - ел қорғаны» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 7 мамыр, сәрсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Кәсіби армия - ел қорғаны» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, кеше, Отан қорғаушылар күні қарсаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен әскери және қызметтік борышын атқару кезінде батылдық пен жанқиярлық көрсеткен бір топ әскери қызметшілер, құқық қорғау және ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлері Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталды. Наградаларды тапсыру салтанатына Президент өзі қатысты. Салтанатты рәсім кезінде Елбасы: «Бүгін еліміздің Қарулы Күштерінің мемлекеттік мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы ретінде мен сіздерді жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттауға шақырып отырмын. Бұл - мемлекеттің Отан алдындағы мінсіз қызметтеріңізді бағалағаны. Біздің халқымыз бейнеттің де зейнеті бар дейді. Сіздердің еңбектеріңіз жанды. Мемлекет міне, сол қажырлы еңбектеріңізді бағалап отыр. Өздеріңізге ордендер мен медальдар тапсыру арқылы мемлекет сіздерге өзінің ризашылығын және бағасын береді. Әрине, сіздер тек қана марапат үшін қызмет етпейтіндеріңізді білеміз. Дегенмен, еңбектеріңіз елену керек. Сіздер елдің тәуелсіздігін, азаматтардың бейбіт өмірі мен тыныштығын қорғап жүрсіздер», - деді. Толығырақ «Отан қорғау - қасиетті борыш» атты мақаладан оқи аласыздар.

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - республика Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақовпен арадағы сұхбатты жариялады. «Әрине, оң үрдіс қалыптасып отыр. Басқаша болуы мүмкін де емес. Өйткені, ең алдымен, жас жігітті мерзімді жауынгерлік қызметке шақырудың алдында біз көздеген мақсатымызға сәйкес үлкен жұмыс жүргіземіз. Әскер қатарына шақырылушылармен және олардың ата-аналарымен әңгімелесіп, олардың адамгершілік, іскерлік қасиеттері, денсаулық жағдайы, дене дамуы, білімі мен арнаулы даярлығы, отбасылық жағдайы туралы мәліметтер нақтыланады. Тек осы жұмыстардың қорытындысы бойынша ғана әскер қатарына шақырылушыларды қай әскер түріне, тегіне жіберу туралы шешім қабылданады. Бүгін бізде әскер қатарына шақырылушылар арасынан ең үздіктерін іріктеп алу мүмкіндігі бар. Қарулы Күштерге дене даярлығы, моральдық-психологиялық әзірлігі жоғары, тиісті білімі мен мамандығы бар жастар келуде», - дейді Сәкен Жасұзақов. Бұл сұхбат « Кәсіби армия - ел қорғаны» деген тақырыппен берілген.

***

«Жас қазақ» басылымы ережесіз жекпе-жектен топ жарған Жұмабек Тұрсынмен арадағы сұхбатты көпшілік назарына ұсынып отыр. «Қазақ еліне Жұмабек Тұрсын келді» деген ақжолтай жаңалық халық арасында тез тарап кетті. Ережесіз жекпе-жектен Қытайда бет қаратпай, миллиардтың ішінде топ жарған жігіт. Америкадағы UFC додасына жол салған тұңғыш қазақ та сол Жұмабек. Батырды көруге біз де асықтық. «Әлем файтерс» клубында жаттығып жүрген ол әңгімені атамекенге деген сағыныштан бастады», - деп жазады газет «Жауынгер» деген тақырыппен берген сұхбатында. Жұмабек Тұрсын: Иә, талай жыл бойы көкірегімде тұрған тоң жібіді. Шекарадан өткен бойда, денем жеңілдеп қалды. Рухым көтерілді. Бөтеннің емес, өзімнің жерімді басып тұрғаныма қуандым. Атамекенге ат ізін салдым, елдің дәмі бұйырды. Бұдан артық не керек?! Қазақстанға келуді 20 жыл бойы армандап едім. Шүкір, бұл күнге де жеттім.

***

«Эксперсс-К» басылымының бүгінгі санында « Турция строит стену на границе с Сирией» атты материал жарық көрді. Сириядан заңсыз көші-қон мен контрабанданы тоқтату үшін оңтүстік-шығыс шекараның учаскесі бойымен Түркия сегіз шақырымдық қорғанның құрылысын бастады. Сонымен қатар бұл қабырға шекаралас аймақтарда экстремистердің жүріс-тұрысын қиындатады деп күтілуде.

***

«Егемен Қазақстан» басылымында инвестиция мәселесін арқау еткен «Қаржы тартудың төте жолы» атты көлемді мақала берілген. Инвестициялық саясатқа келер болсақ, ол - бүгінде елдің экономикалық дамуындағы, оның ішінде «Қазақстан-2050» Стратегиясында атап өтілген өнеркәсіпті дамыту ісіндегі Үкіметтің ең шешуші міндеттерінің бірі. Бүкіл әлемде орын алған дағдарысқа байланысты дамушы елдерден капиталдың кері қайтуы орын алып отырған жағдайда бұл оңай жұмыс емес. Мәселен, 2007 жылы тікелей шетел инвестицияларының жалпы жаһандық ағыны 2 триллион АҚШ долларын құраса, 2012 жылы оның деңгейі 1,3 триллион АҚШ доллары көлемінде белгіленді.Соңғы жылдары жаһандық жобалардың 22 пайыздан астамына тікелей шетел инвестицияларын тартқан БРИК елдерінің үлесі 17,6 пайызға дейін төмендеді. Тікелей шетел инвестициялары жобаларының саны Қытай мен Ресейде 2012 жылы соңғы онжылдықтар ішіндегі ең төменгі деңгейде болды. Қазақстанға 2005 жылдан 184 миллиард АҚШ долларынан астам жалпы шетелдік тікелей инвестициялар тартылды, бұл бүкіл шетелдік тікелей инвестициялардың 55 пайызын (102 млрд. АҚШ доллары) құрайды.