Кәсіби психологтар әскери қызметшілермен тренинг өткізді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері арасында психологиялық тренинг өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі қызмет пен психологиялық және әлеуметтік қызмет офицерлері бірлесе кәсіби психологтарды шақырып, түрлі проблемалық мәселелерді шешуге бағытталған тренингтерді ұдайы өткізіп тұрады.
Әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жай-күйі - Қазақстан Қарулы Күштеріндегі тәрбиеші-офицерлердің жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі. Себебі, бұл бағыт жауынгерлік рухқа, әскери қызметшілердің әртүрлі оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау әзірліктеріне ықпал етеді. Даулы жағдайда не істеу керек, шешім дұрыс немесе бұрыс қабылданды ма - кәсіби психолог офицерлер мен олардың отбасы мүшелеріне осы және өзге де сұрақтарға жауап табуға әрдайым көмек береді.
Психолог офицерлер командирлерге жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйінің деңгейін қадағалап, ретке келтіруге қолғабыс етеді.
«Әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі қызмет өкілдері ұйымдастырған тренингтердің біріне Тараз гарнизонының гарнизондық офицерлер үйіне педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, инновациялық технологиялар мен жаратылыстану-ғылыми гуманитарлық пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, психолог Чинара Тойғанбекова шақырылды. Қызықты үлгіде өткізілген тренинг әскери қызметшілердің шығармашылық және шешендік қабілеттерін аша түсуге, көшбасшылық қасиеттерін нығайтуға мүмкіндік берді», - делінген министрлік хабарламасында.

