«Қасиетті Қағбаның Сыр бойындағы көшірмесі» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Шілденің 24-і. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат агенттігі республикалық басылымдарда шілденің 24-і, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Маңғыстау мен Батыс Қазақстан облысындағы атқарылып жатқан шаралармен жіті танысқан Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов кеше Ақтөбе облысына ат басын тіреп, өңірдің экономикалық, әлеуметтік дамуы мен үдемелі индустриялық-инновациялық және «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламаларының жүзеге асырылу барысымен танысты. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік нөмірінде «Өндірісті өңірде қиындықтар аз емес» деген тақырыппен көлемді мақала басылды. Басылымның атап өтуінше, Премьер-Министр облыстық көпсалалы балалар ауруханасының, «Ақтөбенің металл емес құбырлар зауыты» АҚ-ның, «Ақтөберентген» кәсіпорнының, «Айс» ЖШС тауарлы-сүт фермасының, сондай-ақ тағы да бірқатар нысандардың тыныс-тіршілігімен танысқан. Жарияланымның толық нұсқасын оқығыңыз келсе ел газеті «Егемен Қазақстанның» бүгінгі нөміріне назар аударыңыз.
«Қысылғанға қол ұшын созуға дайын тұратын халқымыздың қасиеті бұл күнде бауырлас Қырғызстандағы жағдайға байланысты тағы бір танылып отыр. көрші елді қиындықтан шығаруға, қолтықтан демеуге барынша көмек-қолдау жасалып жатқаны мәлім. Соның жарқын айғағы Қарағандыдан Ош және Жалалабад қалалары тұрғындарына арналып 2 вагонға лық толтыра қарақұмық тиелуі болды», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Қырғыздарға көмектің алды тиелді» деген тақырыппен жарияланған мақаласында. Басылымның атап өтуінше, аталған 188 тонна тағам түрінің 128 тоннасы оштықтарға, ал 60 тоннасы жалалабадтықтарға жеткізілмек.
***
Біздің қоғамда компьютер ойындарына қатысты қалыптасқан пікір әралуан. Мұны жаһандану процесі арқылы негізделген қалыпты құбылыс санайтындар «компьютер ойындарын тек қана атыс-шабыс деп түсінбеу керек, олардың арасында адамның интеллектуалдық деңгейін арттыратындай өрелі дүниелер де бар» деп есептесе, келесі бір топ «кейінгі уақытта жастар арасында көбейіп кеткен топтасып төбелесу, қарақшылық шабуыл, нашақорлық сияқты келеңсіз көріністердің бәрі сол мағынасыз компьютер ойындарынан алған әсерден туындайды. Өйткені жеткіншек жүрегіне қатыгездік дәнін себу жағынан бірінен-бірі асып түсетін компьютерлік ойындар жас өскіндердің санасын мейлінше улап жатыр» деген пікірде. Осы орайда, компьютер ойындары келешек ұрпақ дамуына шынымен де кері әсер ете ме деген сұрақ туындайды. Бұл сауалдардың жауабын білгіңіз келсе «Алаш айнасы» газетінің «Ой-көкпар» айдарында осы тақырыпта ой қозғаған саясаттанушы Расул Жұмалы, кинорежиссер Қалила Омар және психолог Жарас Сейітнұрлардың пайымдарын шолып шығыңыз.
Қадым заманнан бері қазақ жерінде құпиясын тарихтың қойнауына бүккен қасиетті орындар жетерлік. Өкініштісі, олар жайында кейінгі ұрпақ там-тұмдап қана біледі. Бәлкім, насихаттың аздығынан шығар. Бағзы кезеңнен бері оңтүстік өлкеде сылаң қағып аққан Сырдың бойында сыры ашылмаған орындар бар. Соның бірі - Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы тұсында жатқан Қағбаның көшірмесі. Сауд Арабстанында қоныс тепкен бұл қастерлі орынның көшірмесі неліктен Сыр топырағында жасалған? Ескіден жеткен есті әңгімеге құлақ түрсең, аталмыш сауалдың түйінін тарқату қиынға соға қоймайды. Бұл жөнінде «Алаш айнасы» газетінің сенбілік санындағы «Қасиетті Қағбаның Сыр бойындағы көшірмесі» атты мақаладан жан-жақты оқып білуге болады.
Семей қаласының іргесіндегі Новопокровка ауылының тумасы Тоқтар Құрмурзин Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Саржал ауылының бір қыстағында 20 жыл бойы құлдықта болып, жылдың төрт мезгілінде таңертеңнен кешке дейін қой баққан. Қожайыны шіліңгір ыстық пен қақаған аяздағы еңбектің ақысына тек тамақтандырып отырған. Қарияның қиын тағдыры «Алаш айнасы» газетінде жарияланған «20 жыл құлдықтың қамытын киген ақсақал» атты мақалада жан-жақты баяндалады.
***
Кеше елорда әкімдігінің ғимаратында Астана қалалық кәсіпкерлік және өндіріс басқармасының көмегімен ҚР Әділет министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі комитеті «Еңбек» мемлекеттік кәсіпорны филиалдарының өндірістік тауарлар көрмесі өтті. «Астана ақшамы» газетінің жазуынша, көрмеге еліміздің түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтардың қолдарынан шыққан құрылыс материалдары, қосалқы жөндеу бөлшектері, металл бұйымдар, көше шамдары мен орындықтар, коммуналдық-тұрмыстық бұйымдар, балалар ойын алаңдарына қажетті жабдықтар, кеңсе жиһаздары, қызмет көрсету саласының киімдері, төсек жабындылары, қолөнер бұйымдары қойылған.
«Астанада Малайзияның AmanahRaya мемлекеттік қаржылық тобы мен «Қазақстанның даму банкі» АҚ, сондай-ақ «FATTAH FINANCE» АҚ-ның тиісті келісімге қол қоюы нәтижесінде таяу күндерде қазақстанда тағы бір Ислам банкі құрылатын болады», деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Ислам банкі елімізде бір жылдың ішінде құрылып, бас кеңсесі Алматыда орналаспақ. Жалпы, ағымдағы жылы Абу Дабидегі әріптестермен бірлесе Қазақстанда алғашқы исламдық «Al Hilal» банкі құрылған еді. Ал, «FATTAH FINANCE» АҚ шариғат нормаларына сәйкес қаржылық қызмет көрсететін Қазақстандағы бірінші компания болмақ.
***
ҚР Білім және ғылым министрлігі Қазақстанның мектеп оқушыларының қызығушылық шеңберіне қатысты көңіл жабырқатарлық деректерді жария етті, деп жазады «Казахстанская правда» газеті «Белсенділік, жауапкершілік, патриотизм» деген тақырыппен жарық көрген мақаласында.
Кеше Астанада өткен ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті VI отырысында сөз сөйлеген аталған ведомствоның вице-министрі Серік Ырсалиевтің атап өтуінше, мектеп оқушыларының 16 пайызы ғана саясатқа қызығушылық танытса, олардың 26 пайызы ғана мәдениетті қоғамның құндылығы ретінде таниды екен. Сондай-ақ оның келтірген деректеріне қарағанда, жыл сайын 20 мыңға жуық жасөспірім құқық қорғау органдарының назарына ілігуде.
«Қазақстандық хакерлер батысқа тыныштық бермеуде. Біздің еліміз қатардағы пайдаланушылардың компьютерлеріне шабуыл жасаушылар серверлері саны бойынша көш басындағы мемлекеттердің қатарына қосылып отыр», деп жазады «Экспресс-К» газеті «Болашақтың энергиясы» деген тақырыппен басылған мақалада. Жарияланымның толық нұсқасын оқығыңыз келсе аталған басылымның сенбілік санына назар салыңыз.