«Қасиетті Құран аптасы» атты көрме ашылады
АСТАНА. 26 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық мұражайы мен Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасы Елшілігінің Мәдени өкілдігі Қасиетті Рамазан айына байланысты, сондай-ақ Құран ілімін және құснихат өнерін көпшілікке кеңінен таныстыру мақсатында 26-30 шілде аралығында «Қасиетті Құран аптасы» атты көрме ұйымдастырады.
«Көрмеде ислам мәдениеті мен өнерін бейнелейтін иран шеберлерінің туындылары қойылады. Ислам өнерінің ішінде құснихат (каллиграфия) кеңінен танымал. Иранда Каллиграфия өнерін ислам дәуірі кезінде мұсылмандық діни-ғұрыптық ғимараттар мен құрылыстарда, яғни Құран аяттары мен «Алла», «Мұхаммед» және «Әли» деген киелі сөздерді жазбаша-көркем бейнелеу жолында пайдаланды. Ирандағы құснихат «куфалық» стильден бастау алады. Бұл «куфа» жазуы Иранның Куфа қаласының атауымен аталған, ол жылнамашылар мен құснихатшылардың әміршісі саналатын хазірет Әли ибн Әбутәліптің (оған Алладан мадақ!) есімімен тығыз байланысты. Араб жазуының ішінде «Куфи» жазуы басқа жазуларға қарағанда өте көп қолданылады. Каллиграфия адамның ішкі әлемін, рухани болмыс-бітімін, жазба өнерінің тазалығы мен ұлылығын көрсетіп тұрады», - деп жазады baq.kz сайты.
Көрмеде ирандық суретші - каллиграфтардың мұсылман ою-өрнектерімен бейнеленген Қасиетті Құрандары және т.б. өнер туындылары көпшілікке таныстырылады. Екі бөлімнен тұратын көрменің біріншісінде, Құран аяттары бейнеленген картиналар қойылған, ол «куфи» жазуымен жазылған. Екіншісінде, қазіргі Иран шеберлерінің ислам мен Құран тақырыбына арналған каллиграфия («насталиқ») жазуымен жазылған туындылары қойылады. Экспонаттар қатарында каллиграф, суретші Туси мырзаның (Тегеран) шығармалары да бар. Мұнан өзге көрмеде «насталик» жазуымен жазылған жеке сирек қолжазбалар мен Қасиетті Құран басылымдары қойылған.