Қасиетті мерекені бейбастақтыққа айналдыру барлық заңға қайшы- саясаттанушы Сайын Борбасов

АЛМАТЫ. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Жалпыхалықтық мейрам кезінде Жаңаөзенде орын алған қайғылы оқиға барлық қазақстандықтарды ерекше қынжылтып отыр.

Қасиетті мерекені бейбастақтыққа айналдыру  барлық заңға  қайшы- саясаттанушы Сайын Борбасов

Саяси ғылымдардың докторы, профессор Сайын Борбасовтың айтуынша, ең қасиетті мейрам саналатын Тәуелсіздік күнінен артық мереке жоқ. Оны басбұзарлыққа айналдыру көңілге кірбің түсіретін жәйт.

"Әлеуметтік қайшылықтар табиғи нәрсе. Капитал мен еңбектің арасындағы қайшылық міндетті түрде болады. Бірақ оның бәрін бейбіт жолмен, келіссөздермен, БАҚ-ты, жергілікті әкімшілікті, кәсіподақтарды, азаматтық қоғам институттарын пайдаланып шешуге болады. Ал енді бас салып әкімшілікті жағып жіберу, дүкендерді тонау, көліктерді өртеу деген үлкен бейбастақтық болып табылады. Ол Конституцияға да, өзге заңдарға да сыймайды. Қазақстан құқықтық мемлекет орнатып жатқан ел. Осы уақытқа дейін қоғамдық қатынастардың барлық салаларын реттейтін 2 мыңнан астам заңдар қабылданды. Президент Конституцияның кепілі ретінде осы бейбастақтардың барлығын өзіне халық жүктеген құқықтар негізінде шешеді", - дейді Сайын Молдағалиұлы. Ғалымның пікірінше, оны бастаған адамдардың барлығы тиісті жазаларын алуы тиіс. Бұл өте зиянды құбылыс. Бұл құбылыстардың ар жағында бөтен бір күштер тұр. Олардың мақсаты жұмысшы жастардың қолымен от көсеп, Қазақстандағы эволюциялық тұрақты дамуға зиянын тигізу.